«Инком Құрылыс» және «РАП Құрылыс» ЖШС-нің ықылассыз үй тұрғызушылары тиісті жазаларын алды

АҚТАУ. 22 Қаңтар. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/ - Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуроры Сабыржан Бекбосынов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне 2010 жылдың жұмысының қорытындысымен таныстырған баспасөз мәслихатында айтты.

«Инком Құрылыс» және «РАП Құрылыс» ЖШС-нің ықылассыз үй тұрғызушылары тиісті жазаларын алды

Баспасөз мәслихатында өткен мерзімде облыста құқық тәртібі мен заңдылықты нығайтуда біршама жетістіктерге қол жеткізілгені, қадағалау барысында прокуратураның құқық қорғау функциясын жүзеге асыруға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары - еңбек және басқа да әлеуметтік құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кәсіпкерлер құқықтары, қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманы сақтау мәселелеріне баса назар аударылғаны жөнінде атап өтілді.

Атап айтқанда, тіркелген 67 сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстың 8-ін прокуратура органдары анықтап, барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Соның ішінде 7-і сотқа жолданып, 6 тұлға сотталған.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесі маңызды болып қала беруде, бұл салада 42 тексеру жүргізіліп, 406 заң бұзушылық анықталып, тәртіптік жауапкершілікке -46 және әкімшілік жауапкершілікке 6 лауазым иесі тартылды. Барлығы 937 кәсіпкердің конституциялық құқығы қорғалды.

Маңғыстау облысының прокуроры Сабыржан Бекбосыновтың мәлімдеуінше, үлескер азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы «Инком Құрылыс» және «РАП Құрылыс» ЖШС-нің ықылассыз үй тұрғызушыларына үлескер болып қатысу шартын бұзу және құрылысы аяқталмаған объектілерді тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне тапсыру туралы сотқа талап арыз беріліп, толықтай қанағаттандырылды.

Қазіргі кезде ықылассыз үй тұрғызушылардың басшылары, атап айтқанда, «Инком Құрылыс» ЖШС-нің директоры А.Толмачев, «РАП Құрылыс» және «ДАВ 2» ЖШС-нің директоры Л.Рахова сот үкімімен әрқайсысы 8 және 7 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына мүлкін тәркілеумен қоса сотталды.

Өңірдің ерекшелігіне сай, облыста шетел мамандарын жұмысқа тартумен 200 компанияның жұмыс жасауына байланысты, шетелдік жұмыс күшін тартуды көздейтін заңнама талаптарын олардың сақтау мәселесі облыс прокуратурасының әрдайым назарынан тыс қалмайды. 2010 жылы алынған шаралармен 41 заңды тұлғаның 133 шетелдік мамандарды жұмысқа тарту жөніндегі рұқсат қағаздары қайтарылып алынды.

Атқару ісінің заңдылығын қадағалау бойынша прокурорлық ықпал ету шараларымен 248 млн. теңге, соның ішінде мемлекет пайдасына 96 млн. теңге өндірілді.