Инновацияға салынған әр теңге екі есе қайтарым берді – Жаслан Мәдиeв
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда инновациялық жобаларды қолдау нақты экономикалық нәтиже беріп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиeв мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, салалық инновацияларды дамыту төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр.
– Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі салалық инновацияларды дамыту аясында төрт негізгі бағыт бойынша үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті жағдайлар қалыптастырып жатыр. Бірінші – өнімді инновацияларды ынталандыру. Екінші – жер қойнауын пайдалану саласына инновациялық шешімдерді енгізу. Үшінші – Astana Hub платформасы арқылы инновациялық экожүйені дамыту. Төртінші – инновацияларды тарту орталығы ретінде экспоненциалды кластер қалыптастыру, – деді Жаслан Мәдиeв.
Оның сөзінше, аталған бағыттар аясында нақты нәтижелер де бар.
– 2025 жылы «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аяқталды. Оның экономикалық әсері 53 млрд теңгеден асты. Яғни, салынған әрбір теңге екі есе қайтарым берді. Жоба аясында 90-нан астам инновациялық жоба қаржыландырылып, технологияларды коммерцияландыру көлемі 35 млрд теңгеден асты, – деді министр.
Сондай-ақ осы жоба шеңберінде Tumar Ventures венчурлік қоры құрылды.
– Жоба нәтижесінде 9 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылып, 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ бюджетке елеулі көлемде салық түсімдері түсті, – деді Жаслан Мәдиeв.
Министрдің атап өтуінше, бұл көрсеткіштер инновацияларды қолдау шараларының тиімді екенін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда инновацияларды дамыту тұжырымдамасы қабылданатынын мәлімдеген еді.