Инновациялық жобаларға инвестиция салуға ынталандыратын тетіктер болуы керек – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Инновациялық жобаларға инвестиция салуға ынталандыратын тетіктер болуы керек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

м
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бүгін инновацияларды дамыту мәселесі талқыланған Үкімет отырысында Олжас Бектенов Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен: «Инновациялық жобаларды іске асыру үшін инвестиция керек. Ол түсінікті. Инновациялық жобалар тез арада, қысқа мерзімде нәтиже бере бермейді. Сондықтан ұзақмерзімді инвестиция қажет. Оны қалай тартамыз, тетіктері бар ма?» - деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген министр қазіргі таңда инновацияларға инвестиция тартуға мүмкіндік беретін, нақты заңнамалық тұрғыда бекітілген тетіктер қалыптасып жатқанын айтты.

- Біріншіден, қазір қабылданып жатқан өзгертулерде ғылыми-тәжірибелік арнайы гранттар көзделген. Коммерцияландыруға жеткізу үшін TRL 4–6 ұзақмерзімді құрал болады. Екіншіден, эндаумент-қорлар туралы арнайы заң қабылданды. Сол заң аясында жыл басында алғашқы эндаумент-қор тіркелді. Тек бір компаниядан 10 млрд теңгеге дейін міндеттемелер жинадық. Бұл - ұзақмерзімді құрал. Әр жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу институтының жанында осындай ғылыми эндаумент-қорлар құрылады. Үшіншіден, ең үлкен үмітіміз – Бюджет, Салық кодекстеріне енгізілген арнайы «супер» шегерімдер. Салықтық жеңілдіктер 300 пайызға дейін жетеді. Жаңа тетік биылдан бастап жүйелі жұмыс істеген кезде ғылыми жобаларға ұзақмерзімді қосымша қаржы тартылады, - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, Мәжілісте ғылыми қалашықтар, ғылымды қажет ететін ауқымды аумақтар туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды.

- Бұл әр өңірде ғылыми парктер құруға және бизнес пен ғылыми ұйымдарды бір орынға шоғырландыруға, ұзақмерзімді инновациялық өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді, - деді министр.

Осы ретте Премьер-министр инвестицияларды ынталандыру қажеттігін баса атап өтті.

- Өйткені, инновациялық жобаларға қомақты қаржы саламын деп жүрген бизнесмендер көп деп айта алмаймыз. Ол тек бізде ғана емес, басқа да мемлекеттерде солай. Сондықтан ынталандыру тетіктері болуы керек, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет отырысында инновацияларды дамыту мәселесі талқыланатынын жазған едік.