«Интеграциялық үдеріс шағын бизнеске де пайдалы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 қыркүйек, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Интеграциялық үдеріс шағын бизнеске де пайдалы» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалиннің қатысуымен брифинг өтті. Брифингке қазақстандық қоғамның рухани-мәдени дамуы өзек болды. «Ел өмірінде үлкен оқиғалар болады. Менің пайымдауым бойынша, сондай бір жадымызда қалатындай, жатталатындай оқиға - бұл Президентіміздің Ұлытаудағы сұхбаты. Әрине, ол жердегі сұхбатта осыған дейін де айтып келе жатқан тұжырымдары, осыған дейінгі бағдаршам ойлары, пікірлері жинақталып, қарапайым халыққа жетімді үлгіде қайыра жаңғырып, миллион санды аудиторияға бағытталды. Бұл - тарихи сөз. Тарихи сөз болатын себебі, өте өтімді, өте жетімді. Яғни Президент осыған дейінгі Жолдауларында, әр кезең, әр тұстағы айтқан өзінің халыққа арнауларында, мақала, сұхбаттарында айтылған сөздеріне қайта оралып отырып, қазіргі жағдайда, қазіргі аса күрделі кезеңде бәріңіз жақсы білесіздер, саяси ахуалдың қандай екенін білесіздер, Батыс пен Шығыстың ара-қатынасы қандай екенін білесіздер, міне, осындай күрделі кезеңде халықты тыныштыққа, байсалдылық пен сабырлылыққа шақыратын өте тиянақты сөз сөйледі», - депті Н.Оразалин. Оның айтуынша, бұл сөздің ішінде ұлтымыздың тарихы да, мемлекеттік қалыптасу жолы да, дін, тіл, діл, мәдениет, ғылым, яғни барлық мәселелер жан-жақты қамтылған. Мақала «Тарихи сана жаңғыруы тиіс» деген тақырыппен берілген.

2015 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді. Бұл құжат оған қатысушы елдердің экономикаларын нығайтып, олардың әлем нарығындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған. Еуразиялық одақ ауылдардағы шағын кәсіпкерліктің дамуына қандай әсер етеді? Міне, осыны білмек болып «Егемен Қазақстан» газеті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Нармұқан Сарыбаевқа бірнеше сауал қойған . «Интеграциялық үдеріс шағын бизнеске де пайдалы» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстан қазірдің өзінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көрсеткіштері бойынша ішкі тұтыну рыногын қамтамасыз ету деңгейіне жетті. Енді еліміз тек дәстүрлі дәнді дақылдармен ғана емес, майлы дақылдармен де өзін өзі қамтамасыз ете алатын болды. Демек, ендігі жерде бізге Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сыртқы нарықтарға шығу ауадай қажеттілікке айналды. Шүкір, бұл жөніндегі нәтижелеріміз де жаман емес. Мысалы, биыл біздің елімізден Ресей мен Беларуське жеткізілетін ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. Сөйтіп, қазақстандық өндірушілер ел тұрғындарының көкөніс, картоп, жұмыртқаға сұранысын қамтып қана қоймай, енді оларды үлкен рынокқа, 180 миллион тұтынушысы бар нарыққа шығаруға қол жеткізді», - дейді.

***

«Оқу жылы басталысымен оқулық мәселесі туындайтын әдет пайда болды. Себебі, мектеп қорындағы оқулықтар аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан артылмайды. Ал «төрт түлігі сай» отбасылар оқулық іздеп, дүкен шарлауға мәжбүр. Мұндайда іздегенің табыла қойса жақсы, өкінішке қарай, кезек жете бергенде кітап таусылып қалып, кітап дүкендері айқай-шудың астында қалған оқиғалардың куәсі болып жүрміз. Бұл жылда қайталанатын құбылыс, жылда көтерілетін мәселе. Алайда нүктесі қойылмай келеді. «Түйенің танығаны - жапырақ» демекші, қара халық оқулық тапшылығына Білім және ғылым министрлігін кінәлайды. Ал министрлік оқулық жетіспеушілігіне жауапты емеспіз деп отыр. Иә, кеше БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз мәслихатын өткізген министрлік өкілдері осылай деді», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Оқулық тапшылығына кім жауапты?» деген тақырыптағы мақаласында. ҚР БҒМ Орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, ҚР Білім туралы заңының 6-бабына сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің құзырына тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың бағдарламасын әзірлеу кіреді. Бекітілген бағдарлама жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Жергілікті атқарушы органдар баспамен келісімшартқа отырып, өз аймақтарындағы мектептерді кітаппен қамтуға мін¬детті екен. «Оқулық жетіспеушілігінің басты себебі - аймақтық білім басқармаларының министрлікке жалған ақпарат беруінде және жаз айларында қарқын алатын урбанизация мәселесін ескермей, дұрыс болжам жасамауларында. Қазір дұрыс ақпарат бермеген білім басқармаларына жалған ақпарат үшін шара қолдану керектігін айтып, облыс, қала әкімдеріне ресми хат жаздық», - дейді Жаңыл Алпамысқызы.

«Айқын» газетінің жазуынша, Халықаралық қазақ-түрік университетінің жүзге жуық студенті "университет өкілдері төленген оқу ақысын жеп қойды" деп шағымдануда. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курс студенті Мадина Құдайберген биылға дейін өзі ақылы бөлімінде оқып келген үш курстың оқу ақысы төленбегенін жақында естіп таң қалған. "Мен өзім 1 және 2-курсты университеттің Кентау қаласындағы филиалында бітіргем, ал 3-курсты филиал жабылғаннан кейін Түркістанда жалғастырғам. Оқу ақысын өзім оқитын кафедраның офис-менеджеріне апарып беріп отырғам. Ол кісі түбіртек берген жоқ. Олар бухгалтериямен келісіп, ақшамызды ортадан жеп отырғанға ұқсайды. Енді үш жылдық оқу ақысы - 640 мың теңгені аз уақыт ішінде таба алмаймын. Деканат ақымызды "әлгі офис-менеджермен соттасып өндіріп алсаңдар да, бірдеңе етіп қыркүйектің 8-іне дейін төлеңдер" деп талап етті" - деп уайымдайды Мадина Құдайберген. Мақала « Жүздеген студентке оудан шығу қаупі төніп тұр» деген тақырыппен берілген.