Интернацонал-жауынгерлер Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылуының 21 жылдығын атап өтті - Ақтөбе
АҚТӨБЕ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбеде Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 21 жылдығына арналған іс-шаралар өтуде. Таңертең интернационал-жауынгерлердің ескерткішінің алдында еске алу митингі өтті.
Ауғанстанда қаза тапқан ақтөбелік жауынгерлерге арнап тұрғызылған обелискінің жанына ауған соғысына қатысушылар, олардың туыстары, атқарушы өкіметтің өкілдері жиналды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
«Біз Ауғанстанда өз интернационалдық борышымызды абыроймен атқардық, ал арамызда жоқ жолдастарымызды еске алу үшін біз жыл сайын осында жиналып тұрамыз», дейді интернационал-жауынгерлердің облыстық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Аслан Балқасынов.
Бүгінде Ақтөбе облысында 1 мыңдай ауған соғысының жауынгері тұрады. Аслан Балқасыновтың айтуынша, облыстық әкімдіктің қаулысымен, барлық ауғандықтар мен ауған соғысы жауынгерлерінің жесірлері коммуналдық қызмет төлемдерінен босатылған. Мұның өзі көптеген отбасы үшін үлкен материалдық көмек.
Бүгін Ақтөбеде сондай-ақ, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда мерекелік концерт өтеді және облыстық, аудандық әкімдіктердің атынан бірқатар интернационал-жауынгерлер марапатталады.