Интернет ресурстарда талқыға түсіп жатқан құжат - Тіл туралы заң жобасының соңғы нұсқасы емес - Ж. Құрманғалиева

ТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Интернет ресурстарда талқыға түсіп жатқан құжат - Тіл туралы заң жобасының соңғы нұсқасы емес.

Интернет ресурстарда талқыға түсіп жатқан құжат - Тіл туралы заң жобасының соңғы нұсқасы емес - Ж. Құрманғалиева

Бұл туралы бүгін Мәдениет министрлігінде өткен жиын барысында министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлім етті.

«Соңғы уақытта тіл туралы заң жобасына қатысты көптеген мәселелер туындап отыр. Тоқтала кететін жайт, интернет-ресурстардың бірінде интернетте сілтеме жасалып жүрген заң жобасы Үкімет пен Парламентке ұсынылатын соңғы нұсқа емес. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге жолданған заң жобасының қарапайым жұмыс мәтіні ғана. Бұл мәтін Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясынан да өткен жоқ», - деді Ж. Құрманғалиева.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобында қоғамдық бірлестіктер өкілдері, депутаттық корпус, сарапшылар қауымдастығы қатысқан 40-шақты адамнан тұрады. «Мәдениет министрлігі заң жобасын әзірлеуші орган ретінде жұмыс тобының басым көпшілігі қолдаған пікірмен келіспей тұра алмайды. Осы тұрғыдан келгенде қоғамда кеңінен пікірталас тудырған мәселелер де заң жобасынан көрініс табатын болады. Атап айтқанда, Тілдер туралы қолданыстағы заңнаманың 23-бабында міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі талап етілетін қызметтер, санаттар мен мамандықтар тізбесіне қатысты айтыстар өрбігені бар. Бұнда негізінен азаматтарға қызмет көрсету үшін бекітілген мамандықтар бойынша мемлекеттік тілді ең төменгі, қажетті деңгейде игеру туралы мәселе көтеріліп отыр. Әзірше, ондай талап үш санатқа қатысты қарастырылады. Бұлар: мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания қызметкерлері және құқық қорғау, әскери қызмет, сот приставтары секілді санатқа жататындар. Яғни, бұлар негізінен өз жұмыстары барысында күнделікті азаматтармен байланысып тұратын санаттағы топтар болып табылады», - дейді жауапты хатшы.

Естеріңізге сала кетейік, 1997 жылы қабылданған Тіл заңына сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі талап етілетін қызметкерлер тізбесін бекіту жұмысы 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада қамтылған еді. «Яғни, 2002 жылы мұндай тізбе анық жазылуы тиіс еді. Алайда, сол кездегі тілдік ахуалды, объективті жағдайды ескере келе, бұл норманы енгізу кейінге шегерілді», - деді Ж. Құрманғалиева.