Интернетті шулатқан Астанадағы үйлену тойы кортежінің жүргізушілеріне айыппұл салынды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Интернетте жас жұбайлар мінген кортежді видеоға түсіру үшін жол ережелерін бұзып, жолдың қарсы бағытына шыққан, сондай-ақ, тағы да заңға қайшы әрекет - артымен жүрген көліктердің видеосы жарияланған болатын. Оқиға Астана қаласының орталық көшесі - сол жағалаудағы Д.Қонаев көшесінде орын алған. Елорданың Ішкі істер департаменті жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді тауып, оларға айыппұл салынғанын хабарлайды.

Интернетті шулатқан Астанадағы үйлену тойы кортежінің жүргізушілеріне айыппұл салынды - ВИДЕО

Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқасында той кортежінің жүргізушілері, жол ережесін бұзған көліктердің саны анықталған екен. Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы жол-патурльдік полициясының инспекторлары жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілерді тауып, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Анықталғандай, кортеж жүргізушілері Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 596-бабы, 3-тармағын (жолдың қарсы бетіне шығу), Кодекстің 596-бабы, 2-тармағын (жол қатарларынан шығу), Кодекстің 595-бабы, 2-тармағын (көлікті артымен жүргізу), Кодекстің 590-бабы, 2-тармағын (көліктің мемлекеттік тіркеу белгісін алып тастау) бұзып, ойларына келгенін жасаған. Осы баптармен қатар, кортеж жүргізушілеріне сигнал бергендері үшін Кодекстің 593-бабы, 1-тармағына сай айыппұл салынған.

«Жол ережесін бұзған азаматтардың туған-туыстарын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ешқандай негіз жоқ», - деп атап өткен ІІД баспасөз қызметі.