Инватакси мен шипажай қызметтерінің шығынын өтеу тәртібі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін инватакси және санаторий-курорттық емдеу қызметтерінің шығынын өтеу қағидалары жаңартылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

инватакси
Фото: Алматы мәслихаты

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығына сәйкес, қызмет көрсетушілер шот-фактураларды электрондық шот-фактуралар жүйесі арқылы электронды түрде, сондай-ақ қағаз нұсқада рәсімдейді. Бұл ретте құжатта кепілдендірілген сома мен қосымша төлем мөлшері «қосымша мәліметтер» бөлімінде міндетті түрде жеке көрсетілуі тиіс.

Уәкілетті орган «Е-собес» автоматтандырылған цифрлық жүйесіне келіп түскен құжаттарды жеті жұмыс күні ішінде қарайды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін шығындарды өтеу туралы шешім қабылданады немесе құжаттар себептері көрсетіліп, толықтыру үшін кері қайтарылады.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды жеке абилитация және оңалту бағдарламасына (ЖАОБ) сәйкес санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету тәртібі нақтыланды.

Өтініштерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, жергілікті атқарушы органдар, электрондық үкімет порталы немесе абоненттік нөмір арқылы беруге болады. Ал проактивті қызмет көрсетілген жағдайда өтініш беру талап етілмейді.

Өтініш тіркелгеннен кейін мәліметтер автоматты түрде «Е-собес» жүйесіне енгізіледі. Азаматтарға санаторий-курорттық қызмет көрсетушіні таңдау қажеттігі немесе қызмет көрсету барысы туралы SMS-хабарламалар жолданады.

Егер белгіленген мерзім ішінде қызмет көрсетуші таңдалмаса, таңдау мүмкіндігі уақытша шектелуі мүмкін. Кейін бұл мүмкіндік портал арқылы қайта қалпына келтіріледі.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арасында автоматты түрде деректер алмасу тәртібі қарастырылған. Атап айтқанда, «Е-собес», «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» және электрондық үкімет порталы өзара ықпалдасады.

Бұйрықта өтініштерді қарау мерзімдері, өтініш берушілерді хабардар ету тәртібі, құжаттарды қайтару және кезекке қою жағдайлары да нақты регламенттелген.

Құжат 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін 2026 жылдың басынан бері мүгедектігі бар адамдар агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 150 мыңнан астам тапсырыс бергенін жазғанбыз.