«Investfunds EXPO Алматы-2011. Қаржы және несие» көрмесі өтіп жатыр
ЛМАТЫ. 14 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Investfunds EXPO Алматы-2011. Қаржы және несие» көрмесі өз жұмысын бастады. 3 күнге созылатын бұл шараны «Cbonds Қазақстан» компаниясы ұйымдастырып отыр.
Оған банктер, сақтандыру компаниялары, мемлекеттік емес зейнетақы жинақтау қорлары, басқарушы, брокерлік, инвестициялық, лизингтік компаниялар, микрокредиттік ұйымдар және Қазақстан қор биржасы мен ETS Тауар биржасы қатысуда.
«ҚР Ұлттық банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті ақпараттық сауаттылықты арттыруға үлкен мән береді. Бұл шара халықтық ІРО бағдарламасының іске қосылуы қарсаңында өткізіліп отырғанымен де маңызды. Аталмыщ көрме өткен жылы Мега орталығында өткен болатын», - дейді ҚР Ұлттық банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Қанапиянов. Оның айтуынша, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтіп жатқан бұл көрмеге келушілер барлық қаржы институттарының қызметімен танысып, теориялық және тәжірибелік дағдысын сынап көре алады.