Инвестиция көлемі 146,5 млрд. теңгеге жетіп, 20 пайызға өсті - БҚО әкімі

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру жолдары белгіленгені мәлім. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жұмыстар мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың ХХVІ сессиясында депутаттар алдында есеп берген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
None
None

Биылғы жеті айдың қорытындыларына тоқталған өңір басшысының айтуынша, осы мерзімде мемлекеттік бюджетке салықтар мен өзге де міндетті төлемдер түрінде 107,3 млрд. теңге (болжамға 82,1 пайыз) аударылды.

Инфляцияның жалпы деңгейі 101,5 пайызды (республикалық көрсеткішпен бірдей) құрады, бұл өткен жылғыдан 2,8 пайыздық тармаққа төмен.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нан бағасын қалыпты ұстау бағытында облысқа Үкімет қорынан 393,2 млн. теңге бөлінді.

Биылғы 20 тамыздан теңге еркін бағамға жіберілгені мәлім. Осы орайда бірінші кезекте қажетті тауарлар бағасына мониторинг жүргізіп, реттеп отыру бағытында облыстық штаб жұмысы жандана түсті. Мұндай штабтар облыс аудандары мен Орал қаласында да қызмет атқаруда. Күні бүгін азық-түлік базарларында жағдай тұрақты, бағаның негізсіз өсуі байқалмайды.

Биылғы жеті айда бөлшек сауда айналымы 115,4 млрд. теңгені құрап, 0,3 пайызға артты. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен (РФ, Беларусь, Армения) сыртқы сауда айналымы 3,2 млрд. АҚШ доллары болса, соның ішінде экспорт - 2,8 млрд., импорт - 0,4 млрд. доллар. Сыртқы сауда көлемі 2,3 млрд. доллар көлемінде оң қалыптасып отыр.

Облыс экономикасына 146,5 млрд. теңге құйылып, 20 пайызға көбейді. Бұл жөнінен облыс республика өңірлері арасында төртінші орында.

Инвестиция көлемі шетелдіктерін қосқанда, кәсіпорындардың өз қаржыларының 55,1 пайызға артуы есебінен ұлғайып отыр. Негізгі мөлшер кен өндіру өнеркәсібі (70 пайыз) және жылжымайтын мүлікпен операциялар үлесіне тиеді. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестиция 2,4 есеге өсіп, 9,3 млрд. теңгеге жетті.

Жыл басынан бері 679,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылғыдан 5,1 пайызға кем. Мұның себебі мұнайға әлемдік бағаның төмендеп, ресейлік рубль бағамының құлдырауына байланысты.

Кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім көлемі 3,8 пайызға азайып, 603,3 млрд. теңгені құрады. Табиғи газ өндіру 1,3 пайызға көбейсе, газ конденсаты 2,4, мұнай 16,8 пайызға кеміді.

Әр саладағы нәтижелерге тоқтала келе, облыс басшысы ішкі қаржы көздерін тиімді пайдалана отырып, экономиканың өсу қарқынын сақтау басты міндет екендігін атап көрсетіп, осыған орай нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар