Инвестиция тарту бағытындағы Қазақстанның озық өңірлері аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев шетелден инвестиция тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқан өңірлерді атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Жалпы инвестиция туралы айтатын болсақ, соңғы 26 жылда инвестициялардың үштен екісі мұнай-газ саласына тиесілі болып келген. Сондықтан Қазақстанның батыс өңірінде инвестиция көлемі жоғары. Әрине, Астана мен Алматы қалалары біздің негізгі мегаполистар болғандықтан, бұл жерде де шикізаттық емес инвестициялардың басым бөлігі салынуда. Басқа облыстарды қарайтын болсақ, қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан секілді өңірлерде белсенділік артып келе жатыр», - деді «Kazakh Invest» басшысы Үкімет отырысынан кейін баспасөз орталығында өткен жиында.
Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының бұл бағыттағы көрсеткіші төмендеу екен.
«Әлбетте, оның объективті себептері бар. Солтүстік өңірлер тек ауыл шаруашылығы саласында астыққа тәуелді. Басқа да өнеркәсіп саласын қарастырсақ, бизнестің даму деңгейі төмен болғандықтан, бұл жерде жоба саны көп емес. Бірақ, барлық әкімдіктер белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз соңғы 2-3 айда тығыз жұмыс жасадық. Ортақ жоспарларымыз бар. Сол себепті, жыл соңына дейін өңірлер деңгейіндегі инвестиция тартудағы белсенділікті арттыруды реттейміз деп көздеп отырмыз», - деп түйді Сапарбек Тұяқбаев.

Соңғы жаңалықтар