Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында салық мәселесі қаралды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес (ИАЖК) отырысында Қазақстанда салық реформасын іске асыру мәселелері қаралды. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР-дағы салық саясатын жетілдіру перспективалары, корпоративтік салық салудың жаһандық стратегиялары және олардың қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырудағы рөлі туралы Қазақстанда аккредиттелген Канада елшісі Николя Бруссо, Еуропалық Одақ елшісі Свен-Олов Карлссон, АҚШ істеріндегі уақытша сенімді өкіл Теодор Линг, Ұлыбритания істеріндегі уақытша сенімді өкіл Джонатан Лейфилд, сондай-ақ EY, Exxon Mobil, Deloitte және т. б. компаниялардың өкілдері баяндама жасады. Қазақстан тарапынан ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен қаржы вице-министрі Қанат Баеділов түсініктеме берді. Шетелдік өкілдер Қазақстанның салықтық әкімшілендіру реформасын жүргізу бойынша қабылдап жатқан шараларына оң баға берді, сондай-ақ ҚР фискалдық жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
