Инвестициялық бағдарламаны ауыл шаруашылығы өндiрiсiне бағыттауымыз керек - К. Елемесов

АТЫ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазіргі Қазақстандағы мал шаруашылығының ахуалы, өзекті мәселелері жөнінде Қазақстан мал өсiрушiлерi қауымдастығының президентi, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигi  Көпмағамбет Елемесов  мырза әңгімелейді.

Инвестициялық бағдарламаны ауыл шаруашылығы өндiрiсiне бағыттауымыз керек - К. Елемесов

   - Көпмағамбет мырза, кеңестік кезеңде Қазақстан мал шаруашылығы саласынан одақтың жетекші мемлекеті болды. Жасырын емес, Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде біз осы ерекшелігімізден айырылып қалғандай болдық. Осы саланың қазіргі ахуалы қандай, соңғы жылдардағы еліміздегі мал шаруашылығы экономиканың жетекші факторына айналып келе жатыр деп айта аласыз ба?

     - Елімізде мал шаруашылығының үлесiне бүкiл ауыл шаруашылығы жалпы өнiмiнiң 44 пайызы келеді. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы экономиканың ең басты түрiнiң бiрi болды, әлі де солай қала да бередi.
Соңғы жылдары мал санының көбейiп, мал шаруашылығы өнiмдерiн өндiру деңгейiнiң артқаны байқалады. Мәселен, 2000-2007 жылдары мал және құс санының жылдық орташа өсу қарқыны 4 пайыздан 9 пайызға дейiн, ал бұл саладан өндiрiлген өнiмнiң осындай көрсеткiшi 5 пайыздан 8 пайызға дейiн жеткен. Қазiр республика бойынша шаруашылықтың барлық категориясында 6 млн. iрi қара, 16,9 млн. қой-ешкi, 1,4 млн. шошқа, 1,3 млн. жылқы, 148 мың түйе бар. Бүгiнгi күнде мал басының (шартты мал басына шаққанда) 77,2 пайызы халықтың жеке шаруашылығында, 14,3 пайызы шаруа (фермерлік) қожалығында, тек 8,5 пайызы ғана ауыл шаруашылығы кәсiпорындарында күтiп-бағылады. Халықтың жеке шаруашылықтары 82,2 пайыз ет және 90,4 пайыз сүт өндiредi. Елiмiзде халықтың 47 пайызы ауылдық жерлерде тұрғанмен, олардың көбi мал өсiрумен айналыспайды.
 Мәселен, 2007 жылғы мал санағын талдау үй маңындағы шаруашылықтардың 56 пайызында iрi қарасы, 76 пайызында қой-ешкiсi жоқ екенiн, яғни ауыл тұрғындарының көбiсi сиыр да, қой-ешкi де өсiрмейтiнiн көрсеттi. Тiптi кейбiреуiнiң малы болғанмен, саны жағынан ауыз толтырып айтуға келмейдi. Мәселен, орта есеппен бiр ауыл шаруашылығы кәсiпорнына 148 бас, бiр шаруа (фермерлiк) қожалығына 8 бас және бiр үй маңындағы шаруашылыққа 3 бас малдан келедi.

       - Нелiктен?

     - Бiрiншiден, мал өсiру оңай емес. Мал - тiрi организм. Оны адам күнделiктi көзден таса етпей, күтiп-бағуына назар аударуы қажет. Ол үшiн тәжiрибе, дағды, белгiлi бiр қара күш жұмсауы керек. Әлгiнде айтқанымдай, бiздiң республикамыздың мал шаруашылығы  ұсақ тауарлы, экстенсивтi формада жүргiзiледi. Бұл бiздiң елдiң мал шаруашылығы iрi өндiрiстiк құрылымдарға шоғырландырылмаған деген сөз. Соған байланысты әрбiр мал  иесi өз мәселесiн өзi жеке шешедi. Бұлар малды рынок үшiн өсiрмейдi, өз отбасының қажетiн өтеу үшiн өсiредi. Сондықтан да оларды мал иесi ғана күтiмге алады. Сөйтiп ол, әрi кеткенде, малды ертең ерте өзi тұратын елдi мекенге жақын жатқан өрiске айдап салады да, кешке қарай қораға әкеп қамайды.
Cоның салдарынан елдi мекендерге жақын жайылымдар мен ауыл шаруашылығына жарамды жерлер тұяқкестi болып, әбден тозған, ал алыс,  шалғай жерлер жылдар бойы пайдаланылмай, бос жатыр.

        - Сонда пайдаланылмай жатқан жайылымдар біздің мал санын арттыруымызға кері әсерін тигізеді деген ойдасыз ба?

     - Қазiргiдей жағдайлармен бiз мал басын өсiру және мал өнiмдерiн көтеру бойынша жоғары көрсеткiшке жетемiз деген бос қиял. Өйткенi мұндайда алдыңғы қатарлы озық технология енгiзуге, тұқым тегiн жақсартуға, малды ойдағыдай күтiп-бағып, азықтандыруға жағдай жоқ. Бұларсыз мал санын арттыру, табын сапасын жетiлдiру жөнiнде көзге ұрарлық нәтижеге жете алмаймыз. Осы мәселелерге байланысты Қазақстанда мал өнiмдiлiгi төмен. Мәселен, бiр сиырдан орта есеппен жылына 2000-2200 литр ғана сүт сауылып, етке өткiзiлетiн iрi қараның салмағы 300-305, қой 35-37, жылқы 310-320 келіден аспайды.

      - Байқасаңыз, еліміздегі сүт өнімдері нарығының басым бөлігі шет мемлекеттерден импортталатыны белгілі. Бұл еліміздің әлі де болса сүт өндірісі саласында оңтайландырудың жоқтығын көрсетпей ме?

      - Қазақстанда мың тұрғынға шаққанда 171 сауын сиырдан келетiнiне қарамастан, осынша тұрғынға 40 бастан 60 басқа дейiн ғана сауын сиыр келетiн Канада, Германия, АҚШ пен Ресейден өнiмдiлiгi бойынша бiрнеше есе кемшiн түсемiз. Сондықтан да бiзде сүт өнiмi рыногы кейбiр түрлерi бойынша 80 пайызға дейiн жететiн импорттың едәуiр көлемiмен ғана сипатталады.
Еуропа елдерiнде бiр сиырдан орта есеппен жылына 10 мың литр және одан да көп сүт сауылады. Тiптi аулымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан көршiмiз Ресейде бiр сиырдан 6-7 мың литр сүт сауылып жүр.
Мал шаруашылығын дамыту жем-шөп базасы және мал азықтандыру, күтiп-бағу, сондай-ақ селекциялық-тұқым асылдандыру тәрiздi негiзгi үш факторға байланысты. Дәл осы үшеуi сақталса, бәрi қосылып қажеттi нәтижеге жетуге мүмкiндiк беруi ықтимал.

      - Жалпы, Қазақстанда мал шаруашылығы индустриясын жетілдіру үшін жарамды жер ресурсы қаншалықты дәрежеде?

      - Соңғы жылдары рынокта дәндi дақылдар бағасының жоғарылауына орай, ауыспалы егiсте дәндi дақылдар (негiзiнен бидай) үлесi 85 пайызға дейiн жеттi. Бұл мал азығы егiстiгiнiң көлемiн қысқартуға әкелiп соқты. Мұның соңы мал азығын жеңсiк азыққа айналдырды. Ауыл шаруашылығы кәсiпорындары мен фермерлiк шаруашылықтарда iрi және балғын азықпен қамтамасыз ету 2007 жылы бiр мал басына есептегенде, 14 центнердiң орнына, 6 центнерден айналды. Бұл малдың азыққа деген қажетi 43% ғана өтелдi деген сөз. Оның үстiне шаруашылықтың жайылымдық жерi де жеткiлiксiз. Мәселен, бiр ауыл шаруашылығы кәсiпорнына орта есппен 4700 гектардан, бiр шаруа қожалығына 146 гектардан ғана келедi. Ал ендi шалғай жайылымдарда  мал суаратын су жоқ. Өйткенi құдықтардың көбiсiнiң көзi бiтiп, қатардан шыққан. Соған орай мал суару үшiн пайдалану мүмкiн емес. Мал азығы және мал азығы үшін жемдiк дақылдарға мардымсыз бөлiнген егiстiк жерлер, мал шаруашылығын үдемелi дамытуды қамтамасыз ете алмайды. Оның үстiне оларда мал басы да аз, көптеген шаруашылықта ол тiптi жоқ. Сонымен бiрге құрама жем өндiру 1990 жылғы 4198 мың тоннадан 2007 жылы 459 мың тоннаға дейiн (89%) мүлде қысқарып кеттi.
Жем-шөп базасы әлсiз болған соң малдың тектiк басымдылығы толық байқалмайды. Осының бәрі Қазақстанда мал шаруашылығының динамикалық дамуы берiк жем-шөп қорын жасау қажеттiгiн көрсетедi.

     - Мал шаруашылығының өрістеуіне тұрақты ветериналық тексеру мен сараптама жұмыстарының да оң әсері бар екені белгілі. Сондықтан мүмкін мал-дәрігерлік мамандықтарын көптеп даярлап, олардың жұмыспен қамтамасыз етілуін жүйеге келтірген жөн шығар.

     - Бұл сауалыңызбен келісемін. Жергiлiктi жерлердегi мал дәрiгерлiк-алдын алу шараларының жағдайы мәз емес. Малды жеке-жеке сәйкестендiрудiң маңызы зор. Бұл әрбiр малдың нақты бiр шаруашылыққа жеке номермен тiркелуi керек және толық сипаттамасы - шығу тегi бойынша сертификатты болуы тиiс деген сөз. Бiрақ шаруашылықта бұл шара да тиiстi деңгейде емес. Әдетте мемлекеттiк мал дәрiгерлiк инспекторы ауылдық округ әкiмдігінің өкiлдерiмен бiрге жылына екi рет (қаңтарда және шiлдеде) мал түгендеп, яғни тiзiмге алып, оның нәтижелерiн малды есепке алу және тiркеу журналына енгiзуге, онда малға толық сипаттама жасауға: шыққан жерiн, тұқымы, жасын, жүргiзiлген мал дәрiгерлiк - алдын алу шараларын көрсетуге, сөйтiп мал дәрiгерлiк төл құжат беруге мiндеттi. Барлық өркениеттi елдердегiдей мұндай төл құжатсыз бiрде бiр мал сатылуға немесе етке сойылуға тиiстi емес.

      - Бүгінде еліміз мал шаруашылығын өркендету үшін фермерлерді несиелендіру барысымен шұғылданып жатқаны белгілі. Нарық уақытында бұл да орынды шығар. Алайда, несиелендіру шаруашылықты дамытудың толық кепілі бола ала ма?

  - Асыл тұқымды мал сатқаны үшiн берiлетiн демеу қаржының бүгiнгi тәртiбi мен құрама жемнiң аздап арзандауы, сондай-ақ "Қазагрофинанс" АҚ арқылы бөлiнетiн 2,0 млрд. теңгелiк шағын несиенiң үй маңындағы жеке шаруашылық үшiн ешнәрсе шеше алмайтыны анық. Бәрiнен бұрын, ол тауар өндiрушiлерге мал шаруашылығы өнiмдiлiгiн ұлғайтудың негiзi ретiнде аналық мал басын күтiп-бағуға жұмсалған барлық шығынды қалпына келтiру үшiн қажет. Көбiне малдың бiраз бөлiгi үй маңындағы шаруашылықтарда ұсталатындықтан, оларға да ауыл шаруашылығы кәсiпорындары мен шаруа қожалығына қолданылатын субсидиялау шараларын жасау керек. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның бордақылау және сауын кешендерiн құру бойынша несиелеу шарттары тауар өндiрушiлердiң бiразына сай келмейдi. Мәселен, олардың талаптары бойынша тауар өндiрушiлердiң қолдарында кемiнде 750 бас малы (ұсынылғанның 30%), кепiлдiк мүлкi және 10% айналым қаржысы (бұл - 150 млн, тенге) болуға тиiс.
Әрине мұндай шарттармен несиенi санаулы ғана тауар өндiрушi алады. Соған орай осы мақсат үшiн мал шаруашылығында өз жағдайына жақынырақ шарттар жасап, тәжiрибеге несиелеудiң лизингiлiк жүйесiн кеңiрек енгiзу қажет.

Ет және сүт өндiрушiлердiң негiзгi тобы, яғни 90 пайызы мемлекеттiк қолдаудан тыс қалады. Бiрақ еттiң 82 пайыздан астамын, сүттiң 90 пайызын, республика мал шаруашылығының жалпы iшкi өнiмiнiң 91 пайызын солар өндiрiп отырған жоқ па?
Сондай-ақ бүкiл бiр өңiр - Маңғыстау, Атырау және басқа кейбiр облыстар да мемлекеттiк қолдаусыз қалған. Олардың шөл және шөлейт жерлердiң қиын жағдайында еңбек етiп, елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге аз үлестерiн қосып жатқаны неге ескерiлмейдi? Осыған орай бiз өнiмдi мал шаруашылығын субсидиялау тәртiбiн түбегейлi өзгертудi ұсынамыз.

 Ең алдымен табынды өз iшiнде өсiрудiң негiзi ретiнде аналық мал ұстауға және сапалы өнiм: ет, сүт, биязы жүн өткiзуге жұмсалатын шығынды өтеу керек. Қайдағы бiр "деңгейлердi", жемшөп арзандату т.б. ойлап тауып, ескерудiң керегi не? Тәжiрибеде осындай "белгiлер" қаншалықты ескерiлсе, құжаттар толтыру кезiнде сыбайлас жемқорлық пен небiр айлаларға соншалықты себеп болады.

Аналық мал ұстауға демеу қаржыны, меншiк түрi мен шаруашылық құрылымына еш қатыссыз, иелiгiнде  30 сиыры, 50 саулығы, 30 iнгенi, 30 биесi бар барлық тауар өндiрушiлер алуға тиiс. Сондай-ақ оларға сапалы 1 килә сиыр етiн өткiзгенi үшiн 50 теңге, 1 литр сүт өткiзгенi үшiн 20 теңге төлеу керек. Бұл арада малға қатаң есеп жүргiзетiн, яғни малды сәйкестендiретiн мал дәрiгерлiк нұсқаушыларына үлкен жауапкершiлiк жүктеледi.

        Дағдарыс кезiнде ел экономикасына тек ауыл шаруашылығының ғана сүбелi түзету енгiзетiнi әлемдiк тәжiрибеден белгiлi. Бiзде мәселе жаңартылатын шикiзат ресустарына келiп тiрелетiндiктен, әрбiр салада агротехника мен технология дұрыс сақталса, ауыл шаруашылығы дақылдарынан да, мал шаруашылығынан да мол өнiм ала аламыз. Жер асты байлығы: мұнай, газ, металл, көмiр т.б. өлшеулi, ол ерте ме, кеш пе, таусылады, содан соң қайтып, қалпына келмейдi. Соған орай,  мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бiрнеше рет қадап  айтқандай, бiз қазiр  негiзгi инвестициялық бағдарламаны осы ауыл шаруашылығы өндiрiсiне бағыттауымыз керек. Ол өзге халық шаруашылығы салаларына: машина жасау, жылу-энергетикалық кешен, жеңiл өнеркәсiпке, тағам және өңдеу өнеркәсiбiне демеу болады, яғни ауыл шаруашылығы өзге салалар үшiн мультипликатор болып табылады.