Инвестициялық тартымдылық пен шетелдік инвесторлар сенімі Үкімет қызметін бағалаудың басты көрсеткіші болады - Қ. Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инвестициялық тартымдылық пен шетелдік инвесторлар сенімі Үкімет қызметін бағалаудың басты көрсеткіші болады. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
Жиынды ашқан Сенат төрағасы өткен аптада Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазақстан-2050» стратегиясы мен биылғы Жолдаудың басым бағыттарын іске асыру мәселелері талқыланғанын, онда мемлекеттік органдарға нақты тапсырма берілгенін атап өтті. «Мемлекет басшысы жаһандық экономиканың ішкі ахуалға әсеріне сындарлы талдау жасалып, қоғамды толғандырып отырған мәселелерге жан-жақты баға берді. Ең бастысы Елбасы ұлттық әлеуметтік экономикалық өрлеудің және ұзақмерзімді міндеттердің тиянақты орындалуын көздейтін кешенді шараларын белгіледі. Біздің алдымызда халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, қаржы секторының тұрақтылығын арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған заңнамаларды жетілдіру міндеті тұр. Еліміздің өркендеуі мен халықтың тұрмысын жақсарту мемлекетіміз үшін аса маңызды», - деді спикер Қ. Тоқаев.
Бұл тұрғыда Елбасы әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде сақталынатынын да айқын мәлімдеген еді. Мәселен, ағымдағы жылдың сәуірінен әлеуметтік төлемдер, зейнетақы мен студенттер стипендияларының көлемі артатын болады. Бизнесті, өңдеу өнеркәсібін дамытғау, индустрияландыру жобаларын қаржыландыруға Ұлттық қордан бір триллион теңге бөлінетін болады.
«Президент елімізге инвестициялар тарту жұмысында орын алып отырған кемшіліктерді атап өткені де белгілі. Енді инвестициялық тартымдылық деңгейі мен шетелдік инвесторлар сенімі атқарушы билік қызметін бағалаудың басты көрсеткішінің бірі болады. Сондықтан да біз инвестициялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз ету үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек», - деді Қ. Тоқаев.
Бұдан бөлек, Сенат төрағасы бірқатар заңдар бойынша атқарылатын жұмыстардың нақты мерзімі белгіленгенін, ағымдағы жылғы республикалық бюджет туралы заңның қайта қаралатынын атап өтті.
«Бұл міндеттерді қысқа мерзім ішінде, кейбір мәселелерді шұғыл түрде орындау қажет болады. Мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндеттердің мінсіз орындалуы қабылданатын заңдардың сапасына да байланысты. Осы мақсатта жаңа заңдарды мұқият қарап, дер кезінде қабылдау Парламенттің басты міндеті. Сондықтан, біз алдымызда тұрған зор жауапкершілікті терең түсініп, осы бағытта бір кісідей жұмыс істеуге тиіспіз», - деді Қ. Тоқаев.