Инвестициялық жобаларды іске асыру айтарлықтай алаңдаушылық туғызып отыр - О. Өксікбаев

АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі инвестициялық жобаларды іске асыру айтарлықтай алаңдаушылық туғызып отыр. Бүгін ҚР Парламенті Сенатында 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің таныстырылымы барысында Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасының айтуынша, іріктеп тексерулер барысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардан бірқатар кемшіл жайттар анықталған. Мәселен, инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды жоспарлау және атқару мәселелері бойынша заңнама талаптары көп бұзылып отыр.

«Бұдан бөлек, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесі мен оны іске асыру мерзімінің кешігуіне байланысты, жобаларды іске асыру барысында олардың құнының қымбаттатуына жол берілген. Шындығында, дәл осы мәселенің орын алуы инвестициялық жобалардың жүзеге асуына үлкен соққы болып отыр», деді О. Өксікбаев.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір нысандар түгел аяқталғанына қарамастан, бюджет қаржысын жымқыру мақсатында мердігерлер әдейі оны толық аяқталмаған етіп көрсетуге тырысқан. Бұндай фактілер әлеуметтік нысандарды, ауызсу бағдарламасын жүзеге асыру барысында да орын алған көрінеді.

«Инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары да сапасыз жүргізілген. Егер қаржыландыру мөлшері мен атқарылған жұмыс сапасын тексерсеңіз, бұлардың сәйкессіздігін анық көруге болады. Өкінішке қарай, бізде бүгінгі күні сәулет-құрылысты бақылау органы жаңа қалыптасып жатыр. Осыны барлық дерлік құрылыс ұйымдары пайдалануда. Алысқа бармай-ақ, депутаттар күнде көретін Парламенттің алдындағы алаңды мысалға алуға да болады. Бұл орын осымен үшінші мәрте жөнделуде. Ал шындап кіріссе, бұл алаңды баяғыдай-ақ, ең басында жасағанда сапалы атқаруға болатын еді», деді О. Өксікбаев.

Соңғы жаңалықтар