Инвестиция көлемін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инвестиция тартуды күшейтуге арналған бағдарламалар жөнінде мәлімдеме жасады.

Ўтган йили Миллий жамғарма рекорд даражадаги инвестиция даромадини олди
Коллаж: Kazinform; Freepik

ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту жөніндегі отырыста оған Сенат депутаты Бекболат Орынбеков депутаттық сауал жолдады.

– Өткен жылы сырттан келген инвестицияның жалпы көлемі 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд доллар болды. Бірақ ақша ағыны азайып, 900 млн доллар төмен көрсеткішті көрсетті. Сонымен бірге, инвесторлар тапқан пайдасын қайта бизнеске салуы да кеміп, 1,5 млрд долларға азайды. Тікелей шетелдік инвестициялар көп түскенімен, шетелдіктер біздің өндіріске сақтықпен қарап, пайдасын сыртқа алып кетуді жөн көреді. Қазіргі инвестиция тартумоделі мен құралдарында қандай өзгерістер мен толықтырулар жоспарланып отыр? Ішкі нарықтың шағындығын ескерсек, шикізаттық емес жоғары технология экспортын дамытуға қандай шаралар қабылданып жатыр? – деп сұрады сенатор.

Серік Жұманғарин қазіргі қолданыстағы инвестициялық модель алға қойған міндеттерге сәйкес келетінін атап өтті.

– Сонымен қатар 2025 жылдың соңында 2030 жылға дейінгі инвестициялық тұжырымдама жаңартылды. Егер бұрын мемлекет бүкіл қажетті жағдайды жасап, инвесторлардың шешімін күтсе, қазіргі уақытта біз перспективалық бағыттарды талдап, айқындап, сапалы жобаларды дайындап, технологиялық әріптестерді тартуымыз керек. Оларды өндіріс іске қосылғаннан кейін, бүкіл жұмыс бағытында сүйемелдеуіміз қажет. Осы жаңа тәсіл проактивтік экономикалық саясат деп аталды. Оның үш компоненті бар қазіргі уақытта. Бірінші компонент – нарықты талдау және осы жұмысты егжей-тегжейлі жүргізу үшін біз «Бәйтерек» холдингінің ішінде Investment Board деген қызмет аштық. Оның ішінде төрт дирекция бар (металлургия, тау-кен кешені, агроөнеркәсіп, құрылыс, көлік, туризм, цифр салалары қамтылған). Әр он саланың ішінде қажетті стратегияларды дайындадық. Экономикалық зерттеу институты, сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігіндегі Экономика салаларын дамыту және инвестициялық жобалар мониторингі департаменті қосымша жұмыс істейді, – деді ол.

Ал екінші компонент – әлемдегі жетекші компанияларды тарту және озық технологияларды іздеу. Бұл классикалық инвестиция құю қағидаты бойынша жүргізіледі.

– Үшінші компонент – кредиттік жеткіліктілікті арттыру және капиталды жұмылдыру. Қазіргі уақытта бизнестің кепілдіктері несие алуға жеткілікті емес. Сол себепті біз екі кепілдік қорын құрдық. Бірінші қор «Бәйтерек» холдингі 7 млрд теңгеге, 85%-ға дейін, ал екінші қор 7 млрд астам кепілдік береді, – деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің қатысуын кеңейтуге назар аударылып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның аграрлық секторына 100 млн доллар инвестиция тартылғанын жазғанбыз.