Инвестициялық компаниялар елімізде тыңайтқыш өндірісін жолға қоймақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бірқатар инвестициялық компания Қазақстан аумағында тыңайтқыштар өндіруге бағытталған жобаларды іске асыруға мүдделі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.

АПК, техника удобрения
Фото: Максат Шагырбай / Kazinform

- Импортқа тәуелділікті төмендету жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және фермерлер үшін де, тыңайтқыш өндірушілер үшін де ынталандыру шараларын қамтамасыз ету жоспарлануда. Мәселен, 2024 жылы жұмыс істеп тұрған зауытты жаңғырту аясында «ҚазАзот» АҚ аммоний сульфатын өндірудің толық циклін іске қосты. Соның есебінен жылына 40 мың тонна көлемінде тыңайтқыш шығарылып қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ отандық өндірісті дамыту әрі ішкі нарықтық тыңайтқыштардың негізгі түрлеріне деген қажеттілігін жабу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен минералды тыңайтқыштар өндіруге бағытталған бірқатар жоба іске асырылып жатыр, - деді министрліктен агенттік сауалына орай.

Іске асырылып жатқан жобалардың қатарында Жамбыл облысында кешенді тыңайтқыштар өндіретін «Еврохим-Қаратау» ЖШС-нің кәсіпорны бар. Оның қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін жетеді. Ал «ҚазАзот» АҚ 2026 жылға қарай аммиак-карбамид кешенін салуды жоспарлап отыр. Жоба қуаты - 500 мың тонна селитра және 578 мың тонна карбамид.

удобрения
Фото: Freepik

 

- Бүгінгі таңда бірқатар инвестициялық компания Қазақстан аумағында осындай жобаларды іске асыруға мүдделі. Өткен жылдан бастап отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі табысты іске асырыла бастады. Онда бюджеттік субсидиялар аграршыларға арзандатылған тыңайтқыштарды сату үшін өндірушілердің арнайы шоттарына алдын ала аударылады. Бұл тәсіл жергілікті шикізат негізінде минералды тыңайтқыштар өндірісін дамытуға кең мүмкіндіктер ашады, - деді ведомстводан.

Бұған дейін Жамбыл облысында қой жүніне негізделген органикалық тыңайтқыш эксперименттік үлгіде өндіріліп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар