Инвесторлар аймақта көбінде қандай проблемаларға кезігеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мемлекет басшысы прокуратура органдарына кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын сүйемелдеу міндетін жүктегелі бұл бағытта нәтижелер байқалып жатыр. Мәселен бір ғана Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан инвесторлардың 1 трлн теңгеден асатын проблемалық кейсіне рұқсат берілді. Инвесторлар бұл оң тәжірибе алдағы уақытта жалғасын тапса деген ниетте.
Мұндай сүйемелдеуге ие болған инвестордың бірі — Екібастұз өңірінде жаңа ферроқорытпа зауытын салып жатқан «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС. Инвесторлар бұл жобаға 92 млрд теңге инвестиция құйған.
— Павлодар өңіріндегі жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы тәмамдалуға жақын. Іске қосуға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жылына 240 мың тонна ферроқорытпа беретін өндіріс орнының өнімі 100 пайыз экспортқа бағытталған. Өнімді 52 мемлекетке, соның ішінде Еуропа, Америка, Оңтүстік Азия елдеріне жіберу көзделіп отыр. 800 жаңа жұмыс орны құрылады, — дейді «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС бас директоры Мадияр Данияров.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаларда қандай да бір мәселе кезіксе, прокуратура барлық мүдделі тарапты, мемлекеттік органдарды ашық алаңға шақырып, өзекті мәселенің түпкілікті шешілуіне ықпал етіп жүр.
— Біздің жобамыз аса ауқымды болғандықтан зауыт құрылысы барысында көптеген мәселелерге кезікті. Мысал үшін, болашақ өндіріс орнына теміржол құрылысын жүргізу керек болды. Бірақ ол бастапқыда өте баяу жүрді. Прокурорлар араласқаны сол, мәселе жылдам шешіліп кете барды. Енді бірде құрылғыларды жеткізіп, құрып беретін шетелдік мамандардың елімізге уақытында келіп, кетуіне қатысты проблемалар туындады. Шеттен келетін мамандардың Қазақстанда жүріп-тұруына қатысты белгілі бір мерзімдер, ресімдер бар. Бізге әкелінетін құрал-жабдық көп болғандықтан, оларды құратын шетелдік мамандар саны да ауқымды. Олар бойынша тиісті органдарға жіберген өтініш-хаттарымыз жатып қалмай ма, жабдықтарымыз тұрып қалмай ма деген қауіппен прокуратураға хабарластық. Құзырлы орган мамандары жедел түрде тиісті мекемелер мен ұйымдар өкілдерінің басын қосып, бір мәмілеге келдік. Сөйтіп, шақыртқан мамандарымыз уақытында келді, — дейді М.Данияров.
Облыстық прокуратура өкілдерінің сөзіне құлақ түрсек, бизнеске жасалатын кедергілер әртүрлі. Көбі заңнамаға қатысты.
Жасанды кедергілер ойлап табу, бюрократтық іс-әрекет немесе жауапты органдардың әрекетсіздігі (құлықсыздығы) инвесторлардың шағымдануына әкеп соғады.
— Павлодар облысының прокуратура органдарының қадағалау қызметі барысында жыл басынан инвесторлардың 22 проблемалық кейсіне рұқсат берілді. Олар бойынша жалпы инвестиция сомасы 1 трлн теңгеден асты. Өтініштің басым бөлігі жер, сәулет-қала құрылысы заңнамасын бұзу және техникалық шарт алу мәселесі бойынша келіп түсті. Мысалы, Ертіс ауданында «Әмір PV» ЖШС бір жарым ай бойы жер учаскесін жалдау шартын алу мәселесін шеше алмаған. Олардың бірнеше рет білдірген өтінішіне Ертіс ауданы әкімдігі жасанды әкімшілік кедергі жасап, көмектеспеген. Тек қадағалау органының араласуынан кейін ғана инвесторға шарт беріліп, жер учаскесі тиісті түрде тіркелген. Тағы бір жағдайда Павлодар облысы экология департаменті инвестор — «Ақтоғай-АГРО» ЖШС-нің жұмысын еш себепсіз тоқтатып қойған. Негізінен прокуратура органдарына Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларынан инвесторлар жүгінді, — деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Еске сала кетейік, биыл прокурорлар инвесторлардың 445 проблемалық кейсін шешті.