Инвесторлардың құқығын қорғау архитектурасы күшейтілді — Қанат Бозымбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде Үкімет жанынан құрылған инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр.

— Инвестициялық штаб дәл қазір қағидаты бойынша әрекет ететін, бюрократиялық кедергілерді нақты уақыт режимінде жоятын жедел орталық. Сонымен қатар инвестиция үшін салалық және аумақтық алаңдарды жетілдіріп жатырмыз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың режимін жаңғыртып, сапалы өндірістік жобалардың болжамды салықтық және кедендік ынталандыруларға, сондай-ақ дайын инфрақұрылымы бар алаңдарға қол жеткізуін қамтамасыз етудеміз, — деді Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев елордада өтіп жатқан Astana Finance Day — 2025 халықаралық форумында.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, инвестиция тарту ісінде Астана халықаралық қаржы орталығының маңызы зор.
— Инвесторлардың құқығын қорғау архитектурасы күшейтілді. 60 млн АҚШ долларынан асатын жобаларға заңнаманың 25 жыл бойы тұрақтылығын қамтамасыз ететін инвестиция туралы келісім құралы қолданылады. Өткен жылы 6 келісім, ал биыл тағы 22 келісім жасалды. Астана халықаралық қаржы орталығы тек ағылшын жалпы құқығы негізіндегі құқықтық режимді ғана емес, сонымен қатар халықаралық арбитраждық орталығы бар сотты да ұсынады, — дейді ол.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев 2029 жылға дейін жаңартылатын энергия көзі ірі объектісі аяқталатынын айтты.
Айта кетейік, елордада Astana Finance Day–2025 өтіп жатыр.