Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті өңірлердегі жұмысты күшейтіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы мен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов өңір инвесторларымен бірлескен қабылдау өткізді. Кездесу барысында кәсіпкерлер жер телімдерін беру, инфрақұрылымға қосылу және мемлекеттік порталдарда тіркелу мәселелерін көтерді. Барлық өтініш прокуратура органдарының бақылауына алынды. 

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті өңірлердегі жұмысты күшейтіп жатыр
Фото: Қазақстан Бас прокуратурасы

Алғашқылардың бірі болып «ABDI AGRO» ЖШС басшысы Ержан Әбдиевтің мәселесі қаралды. Кәсіпкер 1,5 мың бас ірі қара малға арналған ферма салу үшін жер телімін алу бойынша құқықтық көмек сұрады. Бұл іс прокурорлардың ерекше бақылауына алынып, қолдау көрсетіліп жатыр. 

Сонымен қатар прокурорлар қазақстандық тауар өндірушілер порталында тіркелу кезінде қиындықтарға тап болған «СЛ Групп» ЖШС-ның, сусын шығаратын зауыт құрылысы үшін электр желісіне қосылуға көмек қажет ететін «Caspian Beverage Holding» АҚ-ның, сондай-ақ жер мәселесіне қатысты «SAN tyres» ЖШС мен «CSI Brands» ЖШС-ның өтініштерін қабылдады.

Бауыржан Ералының мәлімдеуінше, Алматы облысы еліміздегі инвестициялық жобалар саны бойынша алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналады.

– Инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы үш жылда кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 71,5 пайызға азайды. Қазіргі уақытта прокуратура жалпы құны шамамен 100 триллион теңгені құрайтын 3 мыңға жуық инвестициялық жобаны қолдап отыр. Алматы облысында құны 8 триллион теңгеден асатын 180-нен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл өңір прокурорлары 19 инвестордың құқықтарын қорғады. Сондықтан өңірдегі инвесторлармен тікелей кездесіп, олардың мәселелерін жедел шешу маңызды, - деді комитет төрағасы.

Ведомство басшысы 2024 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша прокурорлар маңызды инвестициялық жобаларды қолдауды бастады және инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етуде екенін атап өтті.

– Міндетіміз – елдегі бизнес жүргізу мен инвестиция салу үдерісін барынша ашық әрі түсінікті ету. Осы жұмыс аясында 2 мыңнан астам инвестордың мәселесі шешіліп, 30 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген 270 жоба іске қосылды, - деді Бауыржан Ералы.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов өңір прокуратурасы бизнеске қолдау көрсету және инвесторларды қорғау жұмыстарын күшейткенін айтты.

– Кейінгі үш жылда прокурорлар жалпы инвестиция көлемі 4 триллион теңгеден асатын шамамен 140 инвесторға қатысты 70-тен астам мәселені шешті. Негізгі мәселелер – жер беру, инженерлік коммуникацияларға қосылу, шетелдік жұмыс күшін тіркеу, шектеулер қою және заңсыз тексерулер, - деді ол.

Комитет төрағасы Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірді дамыту орталығының, индустриялық аймақтарды басқаратын компаниялардың, Alatau арнайы экономикалық аймағының және Carlsberg зауытының қызметімен танысты. 

Бұған дейін прокуратура заңсыз мемлекеттік сатып алудың жолын кескенін жазған едік.