Инвесторларға Алатауда халықаралық стандартқа сай мектеп пен аурухана салуға рұқсат беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Инвесторларға Алатауда халықаралық стандартқа сай мектеп пен аурухана салуға рұқсат беріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты. 

мектеп құрылысы
Фото: Абай облысының әкімдігі

Алатау қаласының мәртебесіне қатысты конституциялық заң жобасын талқылау өтіп жатқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Максим Рожин вице-премьерден: «Заң жобасында білім беру және медицина салаларын реттеу көзделген. Осы ретте мемлекеттік білім беру және медицина мекемелері қалай реттеледі? Осы жағдайда білім беру және медицинада мемлекеттік жалпыға ортақ стандарттар сақтала ма? — деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген вице-премьердің айтуынша, Алатау қаласында мектептер, университеттер, ауруханалар және емханалар Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс істейді.

— Жаңа конституциялық заңның 3-бабында мемлекеттік білім беру стандарттары барлық оқу орындарында міндетті екені тікелей көрсетілген. Ал медицина саласы туралы стандарттар осы заң жобасының 43-бабына сәйкес, Қазақстан стандарттарының деңгейінен төмен болмауы керек. Егер жеке инвестор келіп, халықаралық деңгейдегі мектеп, халықаралық деңгейдегі университет филиалын салып беремін десе, АҚШ-тан не Оңтүстік Кореядан инвестор келіп, үлкен аурухана салып беремін десе, халықаралық стандарттарға сай құрылысқа рұқсат береміз, — деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, конституциялық заң күшіне енгеннен кейін Алатаудың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд долларға жетуі мүмкін.