Инвесторлық және Neo Nomad визаларына сұраныс артты ма

АСТАНА. KAZINFORM — Елде инвесторлық визаға сұраныс артты ма? Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.

виза
Фото: montsame

- Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында инвесторлық визаны алу қағидалары енгізілгеннен кейін, аталған визаға сұраныс артты. Атап айтқанда, 2024 жылы инвестициялық қызметті жүзеге асыратын бейрезидент тұлғаларға инвесторлық виза беру үшін 63 өтінішхат жолданса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 72 өтінішхатқа дейін өсті. Нәтижесінде, көрсетілетін мемлекеттік қызмет көлемінің шамамен 14,3 пайызға өсуі байқалды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұдан бөлек, Қазақстан 2024 жылғы 18 қарашадан бастап Neo Nomad визасын іске қосты. 2025 жылы осы виза аясында Еуропа елдерінен, АҚШ, Корея Республикасы және Сингапур азаматтарына 38 виза ресімделіп, оларға Қазақстан аумағында бір жылға дейін тұру мүмкіндігі берілді.

Еске салсақ, былтыр Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді. 

Айта кетейік, Neo Nomad Visa – қашықтан жұмыс істеп, Қазақстанда турист ретінде келетін шетел азаматтарына арналған. Визаны бір жылға дейін ұзартуға болады.

Соңғы жаңалықтар