«Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-да мемлекет активтері тиімсіз басқарылуда - Есеп комитеті
Бұл туралы ҚазАқпарат аталмыш комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-да инновацияны дамытудың нақты басымдылықтары анықталмаған. Технологиялар трансфертінің тиімді жүйесі құрылмаған. Іске асырылатын жобалар жеткіліксіз дәрежеде негізделген. «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның қызметі құрылған сәтінен бастап залалды, яғни тиімсіз болып шықты. Мысалы, 2008 жылы 2004 жылмен салыстырғанда, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның залалы 1,6 млрд. теңгеге немесе 16 есеге көбейген. Залалдың өсуінің басты себебі - «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның сатып алған шетелдік компания акцияларының құнсыздануы. «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның акция сатып алу, жоғары технологиялық шетелдік компаниялардың қатысу үлесі туралы өз ережесін сақтамағаны анықталды. Қазақстанда технологиялар трансфертімен айналысу жөнінде бірқатар шектеулері бар компаниялардың акциялары сатып алынған», делінген баспасөз айғағында.
Соған қарағанда, жіберілген кемшіліктердің салдарынан, 2009 жылғы қаңтар айында 2,7 млрд. теңгеге сатып алынған акциялардың бағасы 1,1 млрд. теңгеге немесе орташа алғанда 42,1 пайызға құнсызданып, «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның залалға ұшырауына тікелей әсер еткен.
Осыған орай, Есеп комитеті Үкіметке «Инжиниринг және технологиялар трансферт орталығы» АҚ-ның одан әрі қызмет істеуінің орындылығын қарауды ұсынады. «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның шеккен залалдары шетелдік компаниялардың акцияларына байланысты болғандықтан, осы шетелдік компанияларды инвестициялау жөнінде шешім қабылдаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның лауазымды адамдарын жауаптылыққа тартудың қажеттілігі көрсетілді.