Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иорданиялық академик: Құрылтай сайлауы Қазақстандағы партиялық бәсекені күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бір палаталы Құрылтайға көшу және пропорционалды сайлау жүйесін қолдану партиялар арасындағы бәсекелестікті дамытуға және заң шығару жұмысының тиімділігін арттыруға жағдай жасайды. Иорданиялық сарапшы Саддам Алмашакбехтың пікірінше, Құрылтайдың жаңа құрамын қалыптастыру Қазақстан мен Иордания арасындағы парламентаралық байланысты нығайтуға да қосымша мүмкіндік береді.

Саддам Алмашакбех
Фото: Саддама Алмашакбехтың жеке архивінен

23 тамызға белгіленген сайлау жаңа бір палаталы Құрылтайдың алғашқы құрамын анықтайды. Дауыс беру конституциялық өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асырудың және елдің өкілді институттарын одан әрі жаңартудың маңызды кезеңі болмақ.

Алдағы сайлауға қатысты өз бағасын журналистика және цифрлық медиа саласының сарапшысы, сондай-ақ халықаралық және парламентаралық байланыстар мәселелері бойынша маман, иорданиялық академик Саддам Алмашакбех берді.

Партиялық бәсекелестік және заң шығару жұмысының сапасы

Парламенттің жаңа моделінің негізгі ерекшеліктерін бағалай отырып, Саддам Алмашакбех бір палаталы заң шығарушы органға көшуді және сайлаудың пропорционалды жүйе бойынша өткізілетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер саяси партиялардың позициясын нығайтып, болашақ Құрылтай жұмысының кәсіби деңгейіне қойылатын талаптарды арттырады.

— Қазақстандағы Құрылтайдың алдағы сайлауы елдің саяси жаңғыруындағы маңызды кезең болып саналады. Бір палаталы парламентке көшу және сайлауды пропорционалды жүйе бойынша өткізу саяси бәсекелестікті күшейтуге және партиялық жүйені дамытуға, сондай-ақ заң шығару жұмысының кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді, — деді Саддам Алмашакбех.

Пропорционалды жүйе жағдайында саяси бәсекелестіктің негізіне партиялардың бағдарламалары, командалары және ұсынып отырған шешімдері айналады. Бұл партиялардың сайлау тізімдерінің сапасына және Құрылтайда азаматтардың мүддесін білдіретін кандидаттарды кәсіби тұрғыдан даярлауға жауапкершілігін арттырады.

Ал бір палаталы құрылым, өз кезегінде, заң шығару үдерісін бірізді әрі жедел жүргізуге мүмкіндік береді. Заңдарды талқылау, қабылдау және олардың сапасына жауапкершілік бірыңғай өкілді органға шоғырланады. Жалпы алғанда, бұл өзгеріс жаңа Құрылтайдың тиімді жұмыс істеуіне берік негіз қалыптастырады.

Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін

Сарапшының бағалауынша, алдағы сайлаудың маңызы ішкі саяси күн тәртібімен ғана шектелмейді. Құрылтайдың жаңа құрамының қалыптасуы Қазақстанның шетелдік серіктестерімен, соның ішінде Иорданиямен қарым-қатынасына да қосымша серпін беруі мүмкін.

— Құрылтай құрамының қалыптасуы Иордания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың дамуына, атап айтқанда, парламентаралық диалогты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенімдімін, — деп атап өтті сарапшы.

Парламентаралық байланыстар заң шығарушыларға тәжірибе алмасуға, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға және бірлескен бастамаларды қолдауға мүмкіндік береді. Жаңа Құрылтайдың жұмысын бастауы осындай диалогты дамытуға және Қазақстан мен Иорданияның өкілді органдары арасындағы байланыстарды кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Осылайша, 23 тамыздағы сайлау жүргізіліп жатқан өзгерістердің ішкі және халықаралық қырларын тоғыстырады. Ол Құрылтайдың құрамын анықтап, саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының кәсіби деңгейде жүргізілуіне жаңа жағдай қалыптастырады. Сонымен қатар парламенттік жүйенің жаңаруы Қазақстанның Иорданиямен серіктестігін нығайтуға және өзара тиімді парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді, деді сарапшы.

Еске салайық, Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Сайлаушылар тізіміне 12 миллион 605 мың 788 адам енгізілді. Дауыс беру барысында қазақстандықтар өкілеттік мерзімі бес жыл болатын Құрылтайдың 145 депутатын сайлайды.

Құрылтай сайлауы қарсаңында есептен шығару куәлігін қайдан алуға болатыны туралы ақпаратпен сілтеме арқылы танысуға болады.

Бұған дейін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша пайдаланушыларға ақпарат алуға көмектесетін «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі іске қосылғаны хабарланған.