10:18, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Иорданияның Амман қаласында Астананың Мәдениет күндері өтеді
АММАН. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қазақстанның Иордания Хашимиттер Корольдігіндегі елшісі Болат Сәрсенбаев Амман қаласының мэрі Омар Әл-Маанимен жұмыс бабындағы кездесу өткізді. Кездесу барысында Астана мен Амман арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы 2005 жылы қол қойылған келісімге негізделген екі елорданың арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
ҚазАқпараттың Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігіне сілтеме жасап хабарлауынша, иордан тарабы 2009 жылы сәуірдің 12-сі мен 14-і аралығында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған Астана делегациясын қабылдауға дайын екенін қуаттады. Сапар аясында Астананың Аммандағы күндері өтеді, осы мақсатта қазақстандық делегацияның құрамына танымал әртістер, музыкалық, фольклорлық және би ұжымдары енгізіліп отыр. Сондай-ақ тараптар келіссөздер өткізіп, ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылауды және сауда, экономика, ғылым, қаланы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, спорт салалары бойынша бірлескен іс-қимылдардың 2009-2010 жылдарға арналған жоспарына қол қоюды жоспарлауда.