Ипотеканың ең жоғарғы мөлшерлемесін төмендету тағы шегерілді

АСТАНА.KAZINFORM —  Осылайша, бұған дейін айтылған ипотека бойынша ең жоғары мөлшерлемені 20 пайызға дейін төмендету мәселесі кемінде алты айға кейінге қалдырылды. 

тұрғын үй
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы норма 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылды. 

Бұл шешім қазіргі макроэкономикалық жағдайларды ескере отырып, ипотекалық кредиттердің құнын реттеуде теңгерімді көзқарасты қамтамасыз ету үшін қабылданды. Бұл халыққа қарыз қаражатының қолжетімділігі мен банк секторының тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, — делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан хабарламада. 

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлері:

екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін банк қарыздары бойынша — кепілсіз банк қарыздары бойынша 46 (қырық алты) пайыз; кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 35 (отыз бес) пайыз; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 (жиырма бес) пайыз;

Қаулының толық мәтінімен Агенттік сайтында танысуға болады.

Айта кетелік 2026 жылғы шілдеден ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшері 20 пайызға дейін төмендейтіні туралы жазған едік

 

Соңғы жаңалықтар