Ипотекалық мөлшерлемені төмендету 1 қарашаға дейін шегерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ипотека бойынша мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға дейін төмендету нормасының күші уақытша тоқтатылды. Тиісті қаулы жобасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің порталында жарияланған.

Агенттік сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ипотекалық қарыздар бойынша ең жоғары мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы тармақтың қолданылуы 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатылды.
— «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 62 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы № 45 бірлескен қаулысының 1-тармағының қолданысы 2025 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатыла тұрсын, — делінген құжатта.
Осы кезеңде бұрынғы шекті мөлшерлемелер қолданыста қала береді:
-
екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар беретін банктік қарыздар бойынша — 46% ;
-
кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша — 35%;
-
ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша — 25%;
-
микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша — 46%;
-
микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде беретін микрокредиттер бойынша күніне 0,3 пайыздан аз, бірақ 179 пайыздан аспайтын мөлшерде болып айқындалған.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20%-ға төмендегені белгілі болды.