Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі бастапқы жарнаға қарай әркелкі белгіленуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін LTV көрсеткішке байлау туралы бастаманың мәнін түсіндірді.
Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін LTV көрсеткішке байлау көзделіп отырғанын айтқан. Баспасөз мәслихатында журналистер осы механизмнің мәнін сұрады.
— Біз бұл мәселені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп қарастырып жатырмыз. Қазір ипотека несиелерінің шекті пайыздық мөлшерлемесі шартты түрде 25 пайыз деңгейінде белгіленген. Әзірге осы деңгейді сақтау тұрамыз деп шештік. Өйткені базалық мөлшерлеме көтерілді. Ондай кезеңде ипотеканың маржасын одан әрі тарылту қисынға сыйыңқырамайтын еді. Бірақ біз 1 шілдеге дейін жеке бір әдістеме әзірлейміз. Ол әдістемеде ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 25-тен жоғары немесе 25-тен төмен деген қарабайыр өлшеммен бекітілмейді. Ипотека қандай тәсілмен алынып жатқанын қараймыз. Яғни бастапқы жарнаға баспана құнының неше пайызын салғанын, неше жылға алғанын қараймыз. Ал қазіргі әдістеме тым төте. Оның нақты тетіктерін кейін толық жариялаймыз, — деді Тимур Сүлейменов.
Мәдина Әбілқасымова ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін LTV-коэффицентке байлау халықты несиеге жүгіре бермей, бастапқы жарнаға жақсылап ақша жинақтауға ынталандыру үшін енгізілетінін айтты.
— Бұл ипотека кепілдігінің екінші қыры деуге болады. Мысалы, LTV көрсеткіші 70 пайыз десек, алғашқы жарнаға 30 пайыз салып, қалғанын ипотека ретінде алдыңыз деген сөз. Бастапқы жарнаңыз неғұрлым көп болса, алатын несиеңіз соғұрлым аз болады. Сәйкесінше пайыздық мөлшерлемені де барынша төмен етуге болады. Негізгі тәсіл осындай принципке құрылады. Басқаша айтсақ, бұрынғыдай 25 пайыз деген жалғыз мөлшерлеме болмайды. Негізінен біз қазақстандықтарды бастапқы жарнаны көбірек салуға ынталандыруға күш саламыз. Оның ішінде банктерде жинақтау тетігін дамыта түсеміз. Бірнеше банк осындай өнімдерді ұсына бастады, — деді агенттік басшысы.
Айта кету керек, бүгін Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды.
Осыдан бұрын Әбілқасымова 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізілетінін айтты.