Ирак Елекеев Астананы салған құрылысшыларға ескерткіш орнатуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қалалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев Астана салған құрылысшыларға арнап ескерткіш салуды ұсынды.
- Арамызда ішкі саясат басқармасының өкілдері отыр екен. Астананы салған құрылысшылар. Астананы саламыз деп жүріп өлген де, жарақат алған да солар. Біз солардың еңбегін дұрыстап бағаладық па ?
Астана аумағында құрылысшыларға арналған бір ескерткіш бар ма осы, айтыңыздаршы маған ? Астананы қалталылар емес, құрылысшылар салған, - деді Ирак Елекеев қоғамдық кеңес отырысында.
Қоғамдық кеңес мүшесі Жұмысшы мамандықтар жылында осы олқылықтың орнын толтыру керек деген ой айтты.
- Біз совет үкіметін жамандаймыз. Ал ол кезде үздік сылақшылар, монтаж мамандары бүкіл одаққа танымал болатын. Ал қазір бізде қалтасын толтырып алғандар танымал. Осы жағына неге мән бермейміз. Астананы салған құрылысшыларға дұрыстап бір жақсы ескерткіш қойса дұрыс болар еді. Осындай ұсынысым бар, - деді заңгер.
Еске салсақ, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы болып бекітілген еді.