Ирак Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін ең ірі мұнай кен орындарының жұмысын тоқтатты

АСТАНА.KAZINFORM - Парсы шығанағындағы жағдайдың күрт шиеленісуі әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің біріне тікелей әсер етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ирак ең ірі мұнай кен орындарының жұмысын тоқтатты
Фото: Ирактың мұнай министрлігі

Ормуз бұғазының жабылуы мен өңірдегі әскери қақтығыстың күшеюі аясында оңтүстік порттар арқылы мұнай экспорты тоқтап, Ирак мұнай өндіру көлемін екі еседен астам қысқартуға мәжбүр болды. Бұл туралы дүйсенбі күні видеоүндеуінде елдің вице-премьері әрі мұнай министрі Хайян Абдул Гани мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, дағдарысқа дейін Ирак OPEC квотасы шеңберінде тәулігіне шамамен 4,4 млн баррель мұнай өндірген. Оның ішінде 3,4 млн баррельге жуығы негізінен Парсы шығанағы жағалауындағы оңтүстік терминалдар арқылы экспортталған.

Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін екі-үш күннің ішінде оңтүстік порттар арқылы мұнай жеткізу жұмыстары толық тоқтады. Соның салдарынан Бағдат мұнай өндіру көлемін шұғыл түрде тәулігіне шамамен 1,5–1,6 млн баррельге дейін қысқартты.

— Өндіріс ішкі тұтынуды қамтамасыз етуге және мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын ұстап тұруға қажетті деңгейге дейін азайтылды, — деді министр.

Экспорттық шектеулер салдарынан елдің оңтүстігіндегі бірқатар ірі кен орындарында жұмыс уақытша тоқтатылды. Олардың қатарында Батыс Курна-1, Батыс Курна-2, Маджнун және Файха бар. Сондай-ақ Ирактың оңтүстік-шығысындағы Майсан аумағындағы бірнеше кен орнында да өндіріс тоқтатылған.

Сонымен қатар ішкі энергетикалық жүйені қамтамасыз ету үшін кейбір кен орындарында шектеулі көлемде мұнай өндіріліп жатыр. Атап айтқанда, Северная Реумейла және Зубаир кен орындарында, сондай-ақ электр станциялары үшін қажет ілеспе газ өндірілетін Сиба алаңында жұмыс сақталған.

Министрдің айтуынша, Ирактағы мұнай өңдеу зауыттары толық қуатында жұмыс істеп тұр. Олар ішкі нарық үшін бензин, дизель отыны, керосин және сұйытылған мұнай газын өндіріп жатыр.

Абдул Гани елде стратегиялық газ қоры бар екенін де мәлімдеді. Қазіргі кезде тәуліктік өндіріс шамамен 6 мың тонна, ал жерасты қорларының көлемі 50 мың тоннадан асады, бұл қажет жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Ирак үкіметі мұнай экспорттаудың балама бағыттарын іздестіріп жатыр. Қарастырылып жатқан нұсқалардың қатарында шикізатты сириялық Банияс порты және иорданиялық Акаба порты арқылы жеткізу мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек, Бағдат Ирак Күрдістаны билігімен Киркук кен орындарынан мұнайды құбыр арқылы Түркиядағы Джейхан портына тасымалдау мәселесін талқылап жатыр. Әңгіме тәулігіне 200–250 мың баррель мұнай айдау мүмкіндігі туралы болып отыр. Алайда тараптар арасында әзірге түпкілікті келісім жасалған жоқ.

Министр жаңа экспорт бағыттарын іздеу аймақтағы тұрақсыздық пен жаһандық энергетикалық инфрақұрылымға төнген қауіп жағдайында үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Бұған дейін БҰҰ Ормуз бұғазы арқылы гуманитарлық жүктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге шақырған.

Ал АҚШ кемелерді бұғаз арқылы алып жүру үшін арнайы коалиция құру жоспарын жариялаған.

Сауд Арабиясы қақтығыс басталғанға дейін мұнайды өңірден тыс жерге шығарып үлгерген.