Ирак пен БҰҰ тұрақты даму саласындағы ынтымақтастық негізіне қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Ирак үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025-2029 жылдарға арналған тұрақты даму бойынша ынтымақтастықтың жаңа негізіне келісті. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтары хабарлады.
Салтанатты рәсім Ирак премьер-министрінің орынбасары, әрі жоспарлау министрі Мохамед Али Тамим мен БҰҰ Бас хатшысының елдегі арнайы өкілі Мохамед Әл-Хасанның қатысуымен өтті. Құжатқа үкімет атынан министр Тамим және Бас хатшының арнайы өкілінің орынбасары, БҰҰ-ның Ирактағы үйлестірушісі Гулам Мохаммад Исакзай қол қойды.
БҰҰ-ның Иракқа көмек көрсету миссиясы (МООНСИ) 22 жыл бұрын құрылған. Ол биыл 31 желтоқсанда жұмысын аяқтайды. Ал 2026 жылдан бастап істі миссияның елдегі командасы жалғастырады.
Жаңа бағдарлама төрт негізгі бағытты қамтиды: халықтың білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру; экономикалық өсуді ынталандыру және жастарды, әйелдерді және «жасыл» бастамаларды қолдауды қоса алғанда, жұмыс орындарын құру; қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу; мемлекеттік басқаруды, құқық үстемдігін және әлеуметтік келісімді нығайту.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Тамим жаңа серіктестік Ирактың гүлденген болашақты құруға және ұлттық мақсаттарға жету және 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыру үшін БҰҰ-мен күш біріктіруге деген ұмтылысын көрсететінін атап өтті.
Мохамед әл-Хасан өз сөзінде келісімге қол қою Ирак пен БҰҰ арасындағы саяси тұрақтылықты қолдаудан, тұрақты даму саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа көшуді білдіретінін айтты. Өз кезегінде Гулам Исакзай бұл құжат БҰҰ-ның Иракқа көмек көрсету миссиясының (МООНСИ) мандаты аяқталғаннан кейін және гуманитарлық операцияларды тоқтатқаннан соң өзара іс-қимылдың жаңа тарауын ашады деп мәлімдеді. Енді жоғары сапалы техникалық және сараптамалық қолдау көрсетуге баса назар аударылады.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі келіссөздер барысында қатаң мәлімдемелер жасады.