Ирак премьер-министрі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Ирак билігі қауіпсіздік cаласындағы жағдайдың дамуына байланысты шұғыл консультациялар өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Ирак премьер-министрі Әли аз-Зайди сәрсенбі күні таңертең елге жасалған әуе шабуылдарынан кейін Ұлттық қауіпсіздік министрлері кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді тапсырды. Бұл туралы Ирак қауіпсіздік баспасөз қызметіне сілтеме жасап Ирактың INA ақпараттық агенттігі хабарлады.
Мәлімдемеде кездесуден кейін билік органдарының оқиғалар мен қабылданған шешімдер туралы егжей-тегжейлі есеп жариялайтыны атап өтілді.
Еске салсақ, сәрсенбіде Сауд Арабиясының Қорғаныс министрлігі Сауд Арабиясының қарулы күштері АҚШ Орталық қолбасшылығымен (CENTCOM) бірлесіп Ирактағы Иран қолдаған жасақ нысандарына шабуыл жасағанын хабарлады.
Эр-Рияд бұл операцияның корольдіктің мұнай инфрақұрылымына жасалған дрон шабуылдарына жауап ретінде жасалғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Ирактың Халықтық мобилизация күштері (ХМК) жеті провинция – Бағдад, Васит, Ниневия, Басра, Киркук, Кербала және Дияладағы штаб-пәтерлеріне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, олардың кем дегенде 20 жауынгері қаза тауып, тағы 32-сі жараланған. Ұйым шабуылды Ирак егемендігін бұзу және «қауіпті эскалация» деп атады.
Осыған дейін Ирак билігі Сауд Арабиясының республика аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшырылғаны туралы мәлімдемесінен кейін оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастағанын хабарладық.