Иракта жарылыстар салдарынан 100-ге жуық адам қаза тапты
тағы ондаған адам жаралады. Катардың «Әл-Жәзира» телеарнасының хабарлауынша, дүйсенбі күні елдің оңтүстігіндегі Басра қаласында базар маңында мина қойылған автокөлік жарылды. «Әл-Иракия» телеарнасының мәлім етуінше, бірінші жарылыс болған жерге жақын маңда тағы бір автокөліктің күлі аспанға ұшты.
Жексенбі күні күндіз Иракта бірнеше шабуыл жасалып, олардың салдарынан 100-ге жуық адам қаза тапты. Ең үлкен лаңкестік әрекет Бағдадтың оңтүстігіне қарай орналасқан Әл-Хилла қаласында орын алды. Онда тоқыма фабрикасының жанында екі автокөлік жарылды, одан кейін жанкешті өз денесіне байланған бомбаны іске қосты. Түрлі мәліметтер бойынша, осынау шабуылдың салдарынан 40-тан 55-ке дейін адам - кәсіпорын жұмысшылары опат болды. Тағы 200-ден астам адам жараланды.
Бағдадтың оңтүстігіне қарай 50 шақырым жердегі Әс-Суәйра қаласында болған осындай тағы бір шабуылдың салдарынан 13 адам опат болды. Ал Бағдадтың өзінде таң елең-алаңда содырлар алты армиялық және полицейлік блок-бекеттерге шабуыл жасады. Сондай-ақ, Әл-Фаллуджа, Мосул, Әл-Искандерий және Әт-Тармий қалаларында бомбалар жарылды.
Ирак өкіметі бұл жарылыстар үшін «Әл-Кайеда» жасақтары мен Саддам Хусейннің тұсында билік жүргізген, бірақ қазір тыйым салынған «Баас» партиясының жақтаушыларын кінәлап отыр.