Иран 14 маусымда АҚШ-пен меморандумға қол қоймайды

АСТАНА. KAZINFORM — Иран 14 маусымда соғысты реттеу үдерісін бастау туралы АҚШ-пен бірлескен меморандумға қол қоймайды. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінде мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

Иран 14 маусымда АҚШ-пен меморандумға қол қоймайды
Фото: Mehr News

Иран АҚШ-пен соғысты реттеу үдерісін бастау жөніндегі бірлескен меморандумға жексенбі, 14 маусым күні қол қоюдан бас тартты. Бұған дейін мұндай мүмкіндікті АҚШ президенті Дональд Трамп жоққа шығармаған болатын. Бұл күні Трамптың 80 жасқа толған туған күні атап өтіледі.

Бұл туралы бір күн бұрын Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи мәлімдеді.

– Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың нақты күніне қатысты әзірге күте тұрған жөн. Бұл ертең болмайды, бірақ келісімнің жақын күндері жасалуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қарсы тараптың тұрақсыздығын ескере отырып, бұл үдеріске қатысты кез келген мәлімдемеде сақ болуымыз қажет, – деп келтіреді Иранның Tasnim ақпарат агенттігі Багаидің сөзін.

Багаидің айтуынша, құжат әскери іс-қимылдарды тоқтатуға негіз болуы тиіс. Алайда бұл кезеңде Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі талқыланбайды.

Бұған дейін Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-пен Ирандағы әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісім жасасу жақын екенін және онда Ормуз бұғазының ашылуы қарастырылатынын мәлімдеген болатын.

Оның сөзінше, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер кейінірек басталады. 

Айта кетелік АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы соғыс қимылдарын тоқтату жөніндегі келісімге қол қою жексенбі күні жоспарланғанын мәлімдеген еді.