Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иран АҚШ-пен Ормуз бұғазы бойынша келісім жасалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран билігі АҚШ-пен Ормуз бұғазын кеме қатынасына ашу жөнінде келісімге келгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Тегеран бұғаз АҚШ-тың «дұшпандық әрекеттері» тоқтағанға дейін жабық күйінде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.

ормуз
Фото: Анадолы

Fars агенттігінің Иранның келіссөздер тобына жақын дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, Иран мен АҚШ арасында Ормуз бұғазын кемелердің өтуіне ашу туралы қандай да бір келісім жасалған жоқ.

Дереккөздің айтуынша, бұған дейін тараған мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды.

Ал Ислам Республикасының әскери құрылымдарындағы тағы бір дереккөз Ормуз бұғазы АҚШ Иранға қатысты «дұшпандық әрекеттерін» тоқтатпайынша жабық болатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, кемелердің бұғаз арқылы жүруіне тек ресми жарияланған бағыт бойынша және Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) Әскери-теңіз күштерінің рұқсатымен ғана мүмкіндік беріледі.

Бұған дейін Иран Оманның Ормуз бұғазын бірлесіп басқару жөніндегі ұсынысын қабылдамағаны хабарланған болатын.