Иран АҚШ-тың Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы нысандарына қайта соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Иран қарулы күштері АҚШ-тың Ислам Республикасына жасаған кезекті шабуылдарына жауап ретінде Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы америкалық нысандарға қайтадан зымыран және дрондармен соққы жасады, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) Sepah News ресми ақпараттық порталында жарияланған мәлімдемеде айтылған.
Мәлімдемеге сәйкес, КСИР-дің Әуе-ғарыш күштері Бахрейн мен Кувейттегі АҚШ-тың әуе қорғанысы жүйелеріне, радиолокациялық станцияларына, байланыс инфрақұрылымына және басқа да әскери нысандарына, сондай-ақ Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға соққы берген.
КСИР бұл шабуылдардың АҚШ-тың соққыларына жауап ретінде жасалғанын және өңірдегі америкалық әскери нысандарға қарсы ауқымды зымырандық әрі дрондық операцияларға жол ашуға бағытталғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Иран армиясы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ-тың бірнеше әскери нысанына, соның ішінде Арифджан әскери базасына, Ахмад әл-Жабер және Шейх-Иса әуе базаларына зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасағанын хабарлады.
Сондай-ақ КСИР Бахрейндегі Amazon компаниясының деректерді өңдеу орталығына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Иран тарапы мұны АҚШ-тың елдің оңтүстік-батысындағы салынып жатқан «Дарховейн» атом электр станциясына жасаған соққысына жауап деп атады.
Айта кетейік, Иранның Таяу Шығыстағы базаларға жасаған әуе шабуылдарынан шамамен АҚШ-тың 100 әскери қызметшісі жарақат алды.