Иран АҚШ-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Иран билігі Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ-тың әскери нысандарына зымыран және дрондармен соққы жасалғанын хабарлады. Тегеран бұл әрекетті АҚШ-тың Иран аумағына жасаған шабуылына жауап деп атады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) таратқан мәлімдемеге сәйкес, операцияны әскери-теңіз және әуе-ғарыш күштері бірлесіп жүргізген.
Мәлімдемеде Кувейттегі Арифджан және Әли әс-Салем әскери базалары, сондай-ақ Бахрейндегі Джуффайр ауданындағы нысандар мен Шейх-Иса әуе базасы нысанаға алынғаны айтылған.
IRGC Carries Out Retaliatory Operation Against US Infrastructure in Kuwait, Bahrainhttps://t.co/jHq5nXPbbF pic.twitter.com/xXyAHkCjwZ
— Fars News Agency (@EnglishFars) July 9, 2026
Кейінірек Иран армиясы операция аясында Катардағы әскери нысандарға да шабуыл жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ соққылар кезінде шабуылдаушы ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылғаны мәлім болды.
Иран тарапының мәліметінше, Кувейттегі Patriot әуе қорғаныс зымыран кешені, Катардағы ерте ескерту бекеті және Бахрейндегі АҚШ әскери күштерінің жанармай инфрақұрылымы нысанаға алынған.
Өз кезегінде Кувейт билігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері Иран аумағынан ұшырылған үш баллистикалық зымыранды, бір қанатты зымыранды және он ұшқышсыз ұшу аппаратын әуеде жойғанын мәлімдеді.
Кувейт тарапының дерегінше, зымыран қалдықтарының құлауынан бірнеше нысан зақымданып, бір адам жараланған. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда. Елдің Сыртқы істер министрлігі Иранның әрекетін қатаң айыптап, оны Кувейттің егемендігін өрескел бұзу және Тегеранның қайталанып отырған дұшпандық саясатының көрінісі деп атады.
Бахрейн билігі де әуе дабылын жариялады. Елдің Ішкі істер министрлігі тұрғындарды сабыр сақтап, жақын маңдағы қауіпсіз орындарға паналауға шақырды.
КСИР бұл операцияны АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларына берілген «жазалау сипатындағы жауаптың» алғашқы кезеңі деп бағалап, егер шабуылдар қайталанса, аймақтағы АҚШ-тың өзге де әскери нысандары нысанаға алынатынын ескертті.
⚡️BREAKING: Iran has carried out Major Strikes against U.S. Assets in Bahrain and Kuwait
— Iran Observer (@IranObserver0) July 9, 2026
The IRGC warns that U.S. assets in the UAE, Qatar, and other countries will be targeted in the next Operation pic.twitter.com/R23rV1Ahcq
Еске салайық, бұған дейін АҚШ бейсенбіге қараған түні Иран аумағындағы 90 нысанға әуе соққысын жасаған болатын. Оған дейінгі күні АҚШ Ирандағы 80 нысанға шабуыл жасап, кейін Иран Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери нысандарға жауап соққысын жасағаны хабарланған еді.