Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иран аймақтағы елдерге жаңа шабуылдар жасалуы мүмкін екенін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — Иран АҚШ-тың Ислам Республикасына қарсы әскери операцияның жалғасуы аясында Таяу Шығыстағы бірқатар елге ескерту жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран аймақтағы елдерге жаңа шабуылдар жасалуы мүмкін екенін ескертті
Фото: IRNA

Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Багаи Парсы шығанағының бірнеше елі мен Иорданияны CENTCOM қолбасшысы Брэд Купердің олардың АҚШ-тың Иранға қарсы шабуылдарына қатысқаны туралы мәлімдемесін ресми түрде жоққа шығаруға үндеді. 

Бұл туралы X әлеуметтік желісінде оның араб тіліндегі жазбасында хабарланды. 

Дипломаттың айтуынша, бұл мемлекеттер өз аумақтарын шабуылдарға қолжетімді етсе, Иран онда орналасқан америкалық әскери базалар мен нысандарды жауап шабуылдарының заңды нысаналары деп есептейді.

— АҚШ мәлімдемесі жалған болса, бұл елдер оны ресми және ашық түрде жоққа шығаруы керек, — деп мәлімдеді Багаи. 

Оның айтуынша, АҚШ ӘК Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) қолбасшысы Брэд Купер бұған дейін Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше бірқатар ел мен Иордания Иранға қарсы әскери шабуылдарға қатысқанын мәлімдеген.

Багаи сонымен қатар Тегеранның пікірінше, АҚШ әскери операцияларын жеңілдету үшін аумақты беру мұндай елдерді қақтығысқа қатысуға мәжбүр ететінін мәлімдеді. АҚШ, Парсы шығанағы елдері және Иордания әзірге бұл мәлімдемеге қатысты түсінік берген жоқ.

Осы арада АҚШ Қарулы күштері Иран аумағына соққы жасауды 13-түн қатарынан жалғастырып жатыр. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді.

CENTCOM хабарлауынша, шабуылдың негізгі нысаналары басқару бекеттері, ұшқышсыз ұшу аппараттары сақталған орындар, жағалаудағы бақылау бекеттері, сондай-ақ Иранның әскери-теңіз күштеріне тиесілі нысандар мен әскери құралдар болған.

CENTCOM сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы америкалық күштердің қолдауымен жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ирандық БАҚ хабарлауынша, АҚШ-тың Ахваз қаласы маңындағы зымыран шабуылынан төрт адам қаза тауып, бес адам жараланған. Бұдан басқа, Хоррамабад пен Бандар-Аббасқа жасалған бөлек шабуылдарда екі адам зардап шекті.

Иран әскері өз кезегінде Бахрейн мен Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға дрондармен соққылар жасағанын жариялады. Мәлімдемеде нысаналардың ішінде Бахрейндегі «Шейх Иса» әуе базасындағы жанармай қоймалары, жабдық қоймалары, ангарлар мен казармалар, сондай-ақ Иорданиядағы «Муаффак ас-Салти» (Әл-Азрау) әуе базасындағы ангарлар, жөндеу нысандары және тұрғын үйлер болғаны айтылған. 

Бұған дейін Бахрейн билігі әуе дабылы іске қосылғанын хабарлап, тұрғындарды қауіпсіз жерге баруға үндеді. 

Иорданияда шабуылдардың салдары туралы ешқандай хабарлама түскен жоқ.

Осыған дейін АҚШ Ирандағы басқару бекеттері мен әскери нысандарды нысанаға алғанын жаздық. 

Brent маркалы мұнайдың бағасы мамыр айынан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты. Бұған Иран қолдайтын Йемендегі хусит қозғалысының 23 шілдеде Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне соққы жасағанын мәлімдеуі себеп болды.