Иран байытылған уран қорын елден шығаруға тыйым салды — Reuters

АСТАНА. KAZINFORM — Иран билігі елден жоғары деңгейде байытылған уран қорын шығаруға тыйым салды. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі хабарлады.

Иран запретил вывоз обогащенного урана из страны — Reuters
Фото: IRNA

Мәліметке сәйкес, Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи қару жасауға жақын деңгейде байытылған уранды шетелге шығармау туралы тапсырма берген.

Reuters агенттігіне пікір білдірген жоғары лауазымды екі ирандық дереккөз бұл шешім Иран басшылығының стратегиялық материалды ел аумағында сақтау жөніндегі ортақ ұстанымын көрсететінін айтқан.

Сөз уранды 60 пайызға дейін байытылған қор туралы болып отыр. Халықаралық атом энергиясы агенттігі мәліметінше, 2025 жылғы маусымда АҚШ пен Израильдің Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққыларына дейін мұндай уран көлемі шамамен 440,9 келі болған.

Израиль билігі бұған дейін бұл көлем қосымша байытылған жағдайда бірнеше ядролық оқтұмсық жасауға теориялық тұрғыда жеткілікті екенін мәлімдеген.

Ал Иран ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деген айыптауларды жоққа шығарып келеді. Тегеран ядролық бағдарламаның бейбіт мақсатқа бағытталғанын алға тартады.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Иран билігі уран қорын шетелге шығару елді АҚШ пен Израильдің ықтимал жаңа шабуылдары алдында әлсіз ете түседі деп қауіптенеді.

Агенттік мәліметіне қарағанда, соғыс басталғанға дейін Иран уран қорының бір бөлігін шетелге шығаруға дайын болған. Алайда АҚШ президенті Donald Trump Ислам республикасына қарсы жаңа соққылар жасау қаупі туралы айтқаннан кейін Тегеранның ұстанымы өзгерген.

Осы жағдай аясында Иран Вашингтонға әлі де сенімсіздік танытып отыр. Иран басшылығы қазіргі әскери үзілісті АҚШ-тың кейінгі шабуылдарға дайындалу үшін назарын бұруға бағытталған тактикалық қадамы болуы мүмкін деп есептейді.

Иран билігі әзірге бұл ақпаратқа ресми түсініктеме берген жоқ.

Соған қарамастан тараптар делдалдар арқылы байланысты жалғастырып отыр. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаи бейсенбі күні Тегеран АҚШ-тың атысты тоқтату жөніндегі Иранның соңғы ұсынысына берген жауабын қарап жатқанын айтты.

Nour News агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон мен Тегеран Пәкістан арқылы 14 тармақтан тұратын келісім жобасының тұжырымдары бойынша хабар алмасып жатыр.

Қосымша келіссөздер Исламабад бағыты бойынша да жүріп жатыр. Иранның ISNA агенттігі Пәкістан армиясының бас қолбасшысы Асим Мунир Тегеранға сапарының мақсаты Иран мен АҚШ арасындағы келіспеушіліктерді азайту және ортақ мәмілеге келуге ықпал ету екенін жазды.

Ақпаратқа сәйкес, Тегеранда Иран ұсынған жобаның құрылымы, ықтимал кепілдіктер мен сенім шараларының тетіктері де талқыланып жатыр.

Осыған дейін Иран Ормуз бұғазын басқаруға арналған жаңа органның құрылатынын жариялағаны туралы жаздық.