Иран билігі құрғақшылық жағдайында жаңбырды жасанды түрде жаудыра бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Иран билігі құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарда жасанды түрде жаңбыр жаудыру үшін химиялық реагенттерді шашыратуға кірісті, деп хабарлайды ВВС.
Бұлттарды себу процесі ұшақтан немесе жерден су буы мен жауын-шашынның конденсациясын жеделдететін күміс немесе калий йодиді сияқты заттарды шашуды қамтиды.
Сенбі күні бұл әдіс Иранның ең ірі тұзды көлі Урмия үстінде қолданылды. Ол соңғы жылдары құрғақшылыққа байланысты айтарлықтай кішірейіп, ішінара сортаңға айналды.
Агенттік мәліметінше, бұлтты себу жұмыстары алдағы күндері Әзербайжан Республикасымен шектесетін Әзербайжанның Батыс және Шығыс провинцияларында жалғасады.
Иран метеорологиялық ұйымының хабарлауынша, биыл елде әдеттегіден 89% аз жауын-шашын болған. Бұлттарды себу әдісі Біріккен Араб Әмірліктерін қоса алғанда бірнеше онжылдық бойы су тапшылығымен күресу үшін белсенді қолданылып келеді.
Бұған дейін Тегеранда су тапшылығы күрт артып, билік тұрғындарды көшіру ықтималдығына амалсыз көніп, эвакуацияға қамданып жатқанын жазған болатынбыз.
Шілде айында Иран президенті Тегерандағы су мәселесі күрделі екенін мәлімдеді.