Иран ЕАЭО-ға тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак ЕАЭО аясында тәуелсіз қаржылық есеп айырысу тетігін құру бастамасын көтерді.
Иран министрі бір жылдан астам уақыт бұрын Иран Ислам Республикасы мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы еркін сауда туралы келісімді іске асыру басталғанын еске салды.
– Бұл келісім қатысушы елдердің ұлттық экономикалары мен кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашты, өзара сауда көлемін арттыруға негіз қалады және қазірдің өзінде елдеріміз арасындағы тауар айналымының өсуіне ықпал етіп отыр. Біздің сауда әлеуетіміз қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екеніне сенімдімін және бұл өсім жалғаса береді, – деді Сейед Мохаммад Атабак Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Иран министрінің айтуынша, бұл қажетті инфрақұрылымды құру мен дамытуды, соның ішінде тәуелсіз қаржылық есеп айырысу тетігін қалыптастыруды және ұлттық валюталарды пайдалануды талап етеді.
— Иран Ислам Республикасы ЕАЭО-ға мүше кейбір елдерге қарсы бағытталған үшінші мемлекеттердің әділетсіз әрі заңсыз санкцияларынан ұйымды қорғау мақсатында сыртқы күштерге тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құру қажет деп санайды, — деді ол.
Айта кетейік, ЕАЭО елдері жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.