Иран Қазақстанға 128 млн доллардың ауыл шаруашылығы өнімін экспорттады

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 128 млн долларға жетті, деп хабарлайды ИРНА агенттігі.

Қазақстан-Иран тулары
Фото: Eurasia Today

Иранның Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі Иран күнтізбесі бойынша 1404 жылдың алғашқы 10 айында (2025–2026 жылдарға сәйкес келеді) 128 млн АҚШ долларын құрады.

Бұл туралы Иран Ауыл шаруашылығы жиһады министрлігінің халықаралық істер департаменті директорының міндетін атқарушы Хасан Момени мәлімдеді.

Ол Иран Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері жөніндегі бірінші департаментінің директоры Манучехр Морадимен кездесу барысында аталған кезеңде Иранның Қазақстанға жалпы экспорты 214 млн долларды құрағанын айтты. Оның жартысынан астамы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесіне тиесілі.

Сонымен қатар Қазақстаннан Иранға импорт көлемі 47 млн доллар болған. Оның ішінде 33 млн доллар ауыл шаруашылығы тауарларына тиесілі.

Хасан Моменидің айтуынша, Қазақстаннан импортталатын өнімдердің шамамен 80%-ы Иранның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің стратегиялық маңызын көрсетеді.

Осыған дейін Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак ЕАЭО аясында тәуелсіз қаржылық есеп айырысу тетігін құру бастамасын көтерді.