Иран көрші елдерге шабуылдарын дереу тоқтатуы керек — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иран Ислам Республикасының АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде көрші елдерге шабуылдарын айыптайтын қарар қабылдады.
Бахрейннің Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі атынан ұсынған құжатты Қауіпсіздік кеңесінің 13 мүшесі қолдады, ал екеуі — Ресей мен Қытай — қалыс қалды.
Бахрейн өкілінің мәлімдеуінше, 135 мемлекет бірлесіп әзірлеген қарарда Ираннан көршілес елдерге шабуылдарды дереу тоқтату талап етіледі. Құжат авторлары Ислам Республикасының бұл әрекеттерін халықаралық құқықты бұзу және халықаралық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіру деп атайды.
Құжатта сондай-ақ «Иранның Ормуз бұғазы арқылы халықаралық кеме қатынасын жабуға, кедергі келтіруге немесе басқаша араласуға бағытталған кез келген әрекеттері немесе қауіптері айыпталады».
Бахрейннің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Джамал Фарес Альроваи қарарды қабылдау Парсы шығанағы мемлекеттерінің жаһандық экономикадағы негізгі рөлін көрсететінін мәлімдеді.
— Сондықтан бұл аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аймақтық мәселе ғана емес, жаһандық экономикалық тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікпен тығыз байланысты ортақ халықаралық жауапкершілік. Халықаралық қауымдастық Иранның әсіресе жаһандық экономика, энергетика, қауіпсіздік және жаһандық сауда қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар аймақта ұлттардың тұрақтылығына қауіп төндіретін егемен мемлекеттерге бұл шабуылдарын қабылдамауға берік ниеттенді, — деп мәлімдеді ол.
Ресей бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға жасалған барлық шабуылдарды айыптайтын және барлық тараптарды зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақыратын өз қарар жобасын ұсынды.
Алайда бұл жоба қажетті дауыс санын жинай алмады. Оны небәрі төрт делегация қолдап дауыс берді — Ресейдің өзі, Қытай, Пәкістан және Сомали, екі ел қарсы дауыс берді, ал тоғызы қалыс қалды.
Дауыс беруден кейін Иранның БҰҰ-дағы елшісі Әмір-Саид Иравани Кеңеске қарардың қабылдануына қатысты «терең өкінішін» білдіріп, Кеңес алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Al Jazeera.
— Бұл Қауіпсіздік Кеңесі мен халықаралық қауымдастық үшін өте қайғылы күн. Бүгінгі шешімнің қабылдануы — Кеңестің абыройына жасалған ауыр соққы және оның беделіне мәңгілік дақ қалдырады, — деді Иравани.
Ол сондай-ақ 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің шабуылдары басталғаннан бері 1348-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 17 мыңнан астам адам жарақат алғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұрғын үйлер мен ауруханаларды қоса алғанда 19 мыңнан астам азаматтық нысан зақымдалған.