Иран Ливандағы жағдайға байланысты АҚШ-пен делдалдар арқылы жүргізілетін байланыстарды тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран Вашингтонмен диалогты жалғастыру мүмкіндігін Израильдің Ливандағы әскери операцияларын тоқтату сондай-ақ бітім шарттарының орындалуымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иранның келіссөз жүргізуші тобы Израильдің Ливанға соққылары жалғасып жатқан жағдайда АҚШ-пен делдалдар арқылы хабар алмасуды тоқтата тұрады. Бұл туралы дүйсенбі күні Tasnim агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, Тегеранда атысты тоқтату режимі барлық бағыттарға, соның ішінде Ливанға да қатысты деген ұстаным қалыптасқан. Осыған байланысты Израильдің жалғасып жатқан әскери операциялары қол жеткізілген келісімдерді бұзу ретінде қарастырылып отыр.
Сондай-ақ Иран мен оның «қарсылық осі» деп аталатын одақтас күштері Израиль мен оның серіктестеріне қысымды одан әрі күшейту мүмкіндігін қарастырып жатқаны айтылды. Оның ішінде Ормуз бұғазын толық жабу және басқа да бағыттардағы, соның ішінде Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы іс-қимылдарды жандандыру мәселесі бар.
— Бір майдандағы бұзушылық — барлық майдандағы атысты тоқтату режимінің бұзылуы деген сөз. Кез келген мұндай әрекеттің салдары үшін АҚШ пен Израиль жауапты болады, — деп мәлімдеді Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи дүйсенбі күні X әлеуметтік желісінде. Ол бұл сөзінде Израильдің Ливандағы операцияларын меңзеді.
For immediate attention:
— Seyed Abbas Araghchi (@araghchi) June 1, 2026
The ceasefire between Iran and the US is unequivocally a ceasefire on all fronts, including in Lebanon.
Its violation on one front is a violation of the ceasefire on all fronts.
The US and Israel are responsible for the consequences of any violation.
Иран агенттігінің хабарламасында диалогты қайта бастау тек Газа секторындағы және Ливандағы әскери іс-қимылдар тоқтатылғаннан кейін, сондай-ақ Израиль күштері Иран басып алынған аумақтар деп санайтын Ливан жерлерінен толық шығарылған жағдайда ғана мүмкін болатыны атап көрсетілген.
Сонымен қатар, бұл талаптар орындалып, Иран мен оның өңірдегі одақтастарының ұстанымы ескерілмейінше, диалог қайта жандандырылмайтыны айтылған.
Бұған дейін АҚШ Иранға шабуыл жасағанын жаздық.