Иран мен АҚШ Қатардың араағайындығымен екі сағат келіссөз жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Иран мен АҚШ арасында Қатардың араағайындығымен келіссөздердің кезекті кезеңі өтті. Келіссөз шамамен екі сағатқа созылды, деп хабарлайды IRNA.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаидің мәліметінше, байланыстар барысында АҚШ тарапына дипломатиялық процесті қайта бастауға қатысты Тегеранның негізгі талаптары жеткізілген.
– Иранның талаптары айқын және екіұшты түсіндіруге келмейді: АҚШ-тың агрессивті әрекеттерін, соның ішінде теңіз блокадасы мен экономикалық қысымды тоқтату, барлық майдандағы соғысты аяқтау, Иран активтерін бұғаттан шығару, сондай-ақ жағалаудағы мемлекеттер арасындағы уағдаластықтар негізінде қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету, – деп жазды Багаи X әлеуметтік желісінде.
Иран тарапы келіссөздердің Қатардың делдалдығымен өткенін мәлімдеді. Reuters те 23 қыркүйекте АҚШ пен Иран арасында бірнеше айдан кейін алғаш рет жанама келіссөздер өткенін хабарлады. Агенттік дерегінше, тараптардың ұстанымдары арасында әлі де елеулі айырмашылықтар бар.
Айта кетейік, Иран әуе компаниялары АҚШ санкцияларына байланысты халықаралық бірнеше рейсті тоқтатты.