Иран мен Қазақстан арасында туризм саласын кеңейту керек – шетелдегі қазақ баспасөзі
KAZINFORM ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Анталия шетелдік турист қабылдауда тарихи рекорд жасады – «TRT»
Анталия өткен жылы 15 миллион 689 258 шетелдік туристі қабылдап, тарихтың рекордын жаңартты. Әлемнің тартымды туристік орталықтарының бірі саналатын қала 2023 жылы туризмдегі ең жақсы жылды бастан өткерді, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, қаладағы алдыңғы рекорд 2019 жылы 15 280 763 шетелдік туристпен жаңарған болатын.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында қалаға 15 689 258 шетелдік турист келген.
Айта кетейік, өткен жылы Анталия Ресейден келген 3 миллион 461 мың 762 туристті қабылдаған.
Қазақстандық студенттерге Қытай елі 155 оқу грантын ұсынып жатыр - «Халық газеті»
Қытай үкіметі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша Қазақстанға 155 оқу грантын ұсынып отыр. Бұл туралы қытайлық «Халық газеті» басылымы қазақстандық «BAQ.KZ»-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Келтірген деректерге сүйенсек, «Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметінше, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2003 жылғы 3 маусымдағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қытай үкіметі 2024-2025 оқу жылына ҚХР мемлекеттік стипендиясы бойынша оқуға бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларымен 155 білім грантын ұсынады.

Айта кетейік, оқуда жүрген үміткерлер мектептен (колледжден, жоғары оқу орнынан) бітірушінің мәртебесі туралы оқу бітірудің жоспарланған күнін көрсете отырып, оқу бөлімімен расталған, қытай немесе ағылшын тілдеріне аудармасы бар нотариалды куәландырылған анықтаманы ұсынуы қажет.
Ақпарат соңында Қытай елінен барып оқуға үміткерлеге қойылатын талаптар мен грант қандай шығындарды өтейтіні туралы айтылған.
Өзбекстан мен Қазақстанды байланыстыратын кеден бекеті кеңейтілмек - «ӨзА»
Өзбекстан мен Қазақстанды байланыстыратын Ташкент облысындағы «Ғишткуприк» (Жібек жолы) өткізу кеден бекеті кеңейтілмек, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Аталған басылымның дерегінше, Ташкент ауданы, «Ғишткуприк» агрофирмасының массивінің контурында орналасқан мемлекеттік резервтегі пайдаланылмай жатқан 1,81 гектар ауыл шаруашылығы жері «Ғишткуприк» шекара бекетін кеңейту және жобалық құжаттар негізінде қосымша ғимараттар мен құрылыстарды салу үшін бөлінген. Бұл туралы тиісті шешімге Ташкент облысының әкімі Зоир Мирзаев қол қойған.

Сонымен қатар қаулыда аталған аумақта орналасқан инженерлік желілерді жылжыту немесе ерекше қорғалатын аумақты сақтау жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған.
Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанда жүргізуші куәлігімен әуе рейсінде ұшуға рұқсат етілмек» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, Uzbekistan Airports құзырындағы әуежайлардың қызметі республиканың көлік саласына қатысты құжаттармен, оның ішінде өзгертулер және толықтырулармен реттелген.
Министрлер Кабинетінің 2017 жылғы 19 маусымдағы «Ішкі істер органдары жүйесінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру және рәсімдерді оңайлату жөніндегі шаралар туралы» 389 санды қаулысына сәйкес жаңа ұлттық жүргізуші куәлігі азаматтың жеке басын растайтын ресми мемлекеттік құжат мәртебесіне ие.
«Осы мәліметтерге сәйкес, әуежайда азаматтың жеке басын куәландыратын құжат ретінде танылатын және жолаушыларға оларды пайдалана отырып, ішкі рейстерге тіркелу құқығын беретін құжаттардың (жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлігі, әскери билет және т.б.) түпкілікті тізбесі пысықталуда», делінген Uzbekistan Airports хабарында.
Қытайлық азаматтар визасыз бара алатын елдер тізімі жарияланды - CNR
Қытаймен өзара визасыз қатынауға рұқсат етілген 20-дан астан елдің тізімі жарияланды.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосында» хабарланды. Олар мыналар: Тайланд, Сингапур, Мальдив, Қазақстан, Антигуа және Барбуда, Албания, Біріккен Араб Әмірліктері, Барбадос, Багамы, Беларусь, Босния және Герцеговина, Доминика, Эквадор, Фиджи, Гренада, Катар, Маврикий, Сербия, Сейшель, Сан-Марино, Суринам, Тонга, Армения қатарлы елдер.
Иран мен Қазақстан арасында туризм саласын кеңейту керек - «Parstoday»
Қазақстандағы Иран елшісі Әли Акбар Джоукар Қазақстанның Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевпен кездесіп, туризм саласында ынтымақтастықты кеңейту керегін баса айтты, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Әли Акбар Джоукар Ержан Еркінбаевпен кездесуінде екіжақты қарым-қатынаста туризмнің маңызына тоқталған. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда екі ел арасындағы туристер саны осы саладағы шынайы әлеуеттерге сай емес. Сондықтан «Иран мен Қазақстанның туристік әлеуеттерін ескере отырып, туристер санын арттыру үшін тиісті органдар көбірек талпыныс жасауы керек», - дейді Әли Акбар Джоукар.
Иран елшісі туризм саласындағы қазіргі жағдайды екі елдің мүддесіне сай өзгерту үшін жаңа бастамалар мен идеялар айтып, Қазақстан басшыларын жақын болашақта Иранда туризм саласында өтетін шараларға белсенді қатысуға шақырамыз деген.
Ержан Еркінбаев та екі елдің туристік қатынасын дамытуға бар күшін салатынын айтқан.
Гуланъюй аралында 1,5 ғасырдың куәсі болған ескі ғимараттар бар – «Халық газеті»
Қытайдың Фуцзянь өлкесі Сямэнь қаласында орналасқан Гуланъюй аралы (ағылшын тілінде Kulangsu) төрт мезгілі көктемдей жайма шуақ болып тұратын «теңіздегі саябақ» қана емес, сонымен қатар өзінің көптеген тарихи ғимараттарына байланысты «сәулет мұражайы» деген тамаша атымен ел іші сыртынан келетін туристерді баурайды, деп жазады қытайлық «kaz.people.cn».

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Сямэньдегі Гуланъюй аралының тарихы оның ерекше мәдени ландшафтын жасады. 1844 жылдан бастап 13 ел Гуланъюй аралында консулдықтар ашты, ал Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Франция және басқа елдер де осында шіркеулер салды, мектептер, ауруханалар, шетелдік банктер ашты. Осылайша, Гуланъюй аралында батыстық стильдегі қоғамдық ғимараттар мен халық қолданысындағы ғимараттар сақталып қалды. Аралда 19 ғасырдың аяғынан 20 ғасырдың бірінші жартысына дейін салынған барлық түрдегі 1000-нан астам ғимарат бар. Бұл шығыс және Батыс сәулет мәдениетінің өкілдері тоғысқан орта.
Айта кетейік, 2017 жылы «Гуланъюй аралы: халықаралық тарихи қауымдастығы» Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген екен.