Иран мен Қазақстанның ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісімі жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады — Пезешкиан

АСТАНА. KAZINFORM — Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда туралы толықформатты келісім экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ҚР Президентінің Телерадиокешеніне берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

Иран мен Қазақстан ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісімнің арқасында жаңа экономикалық мүмкіндіктерге ие — Пезешкиан
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Пезешкианның айтуынша, Тегеранның Еуразиялық бақылаушы форматқа қосылуы елдің өңірлік экономикалық кеңістіктегі қатысуын күшейтіп, сауда ағындарын жандандыруға жағдай жасады.

— Біз еуразиялық бақылаушы форматына қосылғандықтан, осы кеңістікте болуымыз қамтамасыз етілді. Еуразияның экономикалық ортасы елдеріміз үшін де, бұл форматтың барлық қатысушылары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады, — деп атап өтті Иран көшбасшысы. 

Оның айтуынша, Иранның шамамен 90 миллион адамнан тұратын үлкен нарығы бар, бұл өз кезегінде Қазақстанға айтарлықтай ауқымды мүмкіндік деп санайды.

— Иран үшін де Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуге қолайлы орта қалыптасып жатыр. Тарифтік кедергілерді жою арқылы мұндай платформа кәсіпкерлерге, өнеркәсіпке және өндірушілерге тиімді тетікке айналады, сондай-ақ өзара іс-қимыл мен өзара қолдауды жеңілдетеді, — деді Масуд Пезешкиан.

Иранның оңтүстігінде қазақстандық логистикалық орталық құрылып жатыр. 

— Екі ел арасындағы Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің дамуына қалай әсер етеді дегенге икелер болсақ, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін елдеріміз бен Еуразия мемлекеттері арасында бірлескен көлік тораптары болуы керек. Бұл бағыттар теңіз, теміржол және әуе жолы арқылы құрылуы мүмкін. Егер Қазақстаннан портқа қарай теміржол бағытын кеңейте алсақ, оңтүстік портымызда бауырлас әрі достық қатынастағы Қазақстан үшін логистикалық орталық құрылады. Осы бағыттағы жобалар алдымызға қойған экономикалық және мәдени мақсаттарға қол жеткізуді әлдеқайда жеңілдетеді, — деді Иран президенті. 

Оның айтуынша, Парсы шығанағына, Үнді мұхитына, сондай-ақ шығыс пен батыс бағыттарына шығу жолдарын қамтамасыз ету үшін барлық қажет қадамдарды бірлесіп іске асыруға дайынбыз. Бұл жоспар мәдени, экономикалық, саяси және қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасқа берік негіз қалайды.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыз. 

Соңғы жаңалықтар