Иран мен МАГАТЭ ынтымақтастығы қайта жандануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) алдағы бірнеше апта ішінде Иранның ядролық нысандарына қол жеткізеді деп үміттенеді. Бұл туралы МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Бұл алдағы бірнеше аптада, тым кешікпей жүзеге асады деп үміттенемін. Олар қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумда жан-жақты келісімге қол жеткізу үшін 60 күн мерзім қарастырылған. Әрине, құжат тек ядролық мәселелерді ғана қамтымайды, — деді Рафаэль Гросси.
Оның айтуынша, меморандумда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз ету және атысты тоқтатуға байланысты аумақтық тұтастық мәселелері де қамтылған.
— Яғни құжатта көптеген маңызды әрі күрделі мәселелер қарастырылған. Тараптар өздеріне осы екі айлық мерзімді белгілеп отыр. Уақыт өтіп жатыр, сондықтан белгіленген мерзімнің аяқталуына көп қалған жоқ. Егер осы уақыт аралығында түпкілікті келісімге қол жеткізілсе, нақты жұмысты бастауға мүмкіндік туады. Әлбетте, бұл жұмыс ядролық нысандарға қол жеткізуді де қамтиды, — деп түсіндірді МАГАТЭ басшысы.
Еске салайық, биылғы 18 маусымға қараған түні Иран мен АҚШ әскери қақтығысты аяқтауға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қашықтан қол қойған болатын. Қақтығыс 28 ақпанда басталған еді. Құжатта АҚШ-тың теңіз блокадасын алып тастау және Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру мерзімдері де айқындалған.
2025 жылғы маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасағаннан кейін Тегеран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты және агенттік инспекторларының ядролық нысандарға қол жеткізуін шектеді. Иран билігінің мәлімдеуінше, ұйыммен өзара іс-қимылға қатысты барлық шешімді елдің Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі қабылдайды.
2025 жылғы 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, Тегеранды жасырын әскери ядролық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр деп айыптады. Бұған жауап ретінде Иран да шабуылдар жасады. Екі тарап 12 күн бойы өзара соққылармен алмасты. Кейін қақтығысқа АҚШ қосылып, 22 маусымға қараған түні Иранның ядролық нысандарына соққы берді.
Оған жауап ретінде Иран 23 маусым кешінде Катардағы АҚШ-тың Әл-Удейд әскери базасына зымырандық шабуыл жасады. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран америкалық базаға жасаған соққымен «ішіндегі кернеуді шығарды» деген үміт білдіріп, сондай-ақ Израиль мен Иран бітімге келуге келіскенін мәлімдеді.