Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз бағыттарының картасы бойынша келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бағаи Тегеран мен Маскаттың Ормуз бұғазына қатысты келіссөздерінде ілгерілеушілік бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, консультациялар «оң әрі сындарлы» жағдайда өтіп жатыр, деп хабарлайды Anadolu.
Бағаидың сөзінше, Иран мен Оман бұғаз арқылы теңіз кемелерінің қозғалыс бағыттарын айқындайтын карта бойынша келісімге келген. Алайда тараптардың бірлескен мәлімдемесіне қатысты техникалық мәселелер әлі де пысықталып жатыр.
Бағаи сондай-ақ Вашингтонды келіссөздер үдерісіне кедергі келтіріп отыр деп айыптады.
Иран мен Оман арасындағы келіссөздер Ормуз бұғазы маңындағы жағдай шиеленісіп тұрған кезде жүргізілуде. Бұған дейін Тегеран стратегиялық су жолын толық ашу үшін АҚШ бірқатар шартты орындауы қажет екенін мәлімдеген болатын.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Оманмен келіссөздер соңғы кезеңге жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, екі ел екі-төрт ай аралығында қолданылуы мүмкін уақытша теңіз бағытын құру мәселесін талқылап жатыр.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де Тегеран мен Маскаттың теңіз қатынасының жаңа тәртібі бойынша келісімге жақындағанын мәлімдеді. Алайда оның айтуынша, Ормуз бұғазын ашу Вашингтонның Иран қойған басқа да шарттарды орындауына байланысты болады.
Ормуз бұғазы – әлемдегі энергетикалық ресурстарды тасымалдаудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан бұғаздағы кеме қатынасына қатысты жағдай халықаралық нарықтар мен жаһандық энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды мәнге ие.
Бұған дейін АҚШ президенті Ормуз бұғазын америкалық аумақ деп жариялауды жоспарлап отырғаны хабарланған еді. Мұндай шара өңірде америкалық әскерді белгісіз мерзімге орналастыруды талап етуі мүмкін. Иран АҚШ-тың бұғазды бақылауда ұстайтынын жоққа шығарды.
Сондай-ақ бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Иран мен Оманның Ормуз бұғазына қатысты келісімге жақындағанын хабарлаған болатын.