Иран нарығы Қазақстаннан азық-түлік жеткізуге қызығып отыр – Kaztrade
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан-Иран бизнес форумында шамамен 1 млрд долларды құрайтын 8 коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бұл туралы Kaztrade Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
Экспорттық өнімді дамыту үшін жақсы негіз қаланды. Ең алдымен, бұл – Иранмен еркін сауда жүргізуге мүмкіндік беретін қолайлы құжат. Осы құжаттың арқасында биыл біздің экспорт көлемі шамамен 40 пайызға артты.
– Негізгі экспорттық тауарлар – арпа, бидай секілді біздің астығымыз. Май, кондитерлік өнімдер сияқты көрсеткіштердің де өсімі байқалады. Қазір бізде май-тоң май саласы дамып келеді. Яғни сұраныс жоғары. Тіпті сұраныстың артуы біздің мүмкіндіктерімізді кеңейтіп отыр деуге болады. Мысалы, кеше үлкен семинар өткіздік. Оған 120 компания қатысып, біздің экспортты қолдау тетіктерімен, елімізге инвестиция салу мүмкіндіктерімен танысты. Бұл олардың сұранысы жоғары екенін көрсетті. Әсіресе май біздегі бірінші нөмірлі тауарға айналып отыр, – деді А. Алдажаров Қазақстан-Иран бизнес форумында тілшілерге берген сұхбатында.
Майға сұранысты қанағаттандыру үшін Сауда саясатын дамыту орталығы «Май-тоң май саласын дамыту жол картасын» әзірлеген. Осылайша әлемдік май жеткізушілер арасында үздік үштікке кіру көзделіп отыр. Қазір экспорттық өнім көлемі 560 млн доллар болса, келешекте 1 млрд долларға дейін жеткізіледі.
Спикердің айтуынша, Иран нарығы негізінен азық-түлікке, әсіресе қайта өңдеу бағытына қызығушылық танытуда. Және ең бастысы – осы тауарларды жеткізу болып отыр. Тауарлар тиісті бағыттар бойынша кедергісіз өтуі қажет.
– Бүгін Иранның сауда-өнеркәсіп палатасы мен біздің компания Көлік дәлізі аймағын құру жөніндегі құжатқа қол қояды. Бұл аймақ біздің порттарымыздың негізгі пункттерін, Иранның солтүстік және оңтүстік порттарын қамтиды және Қазақстанға Парсы шығанағы елдеріне және Солтүстік Африка елдеріне шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз бұл жұмысты жандандырамыз. Ол үшін көлік дәлізі бойынша мерзімді қысқартуға және шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін бірізді процесс қалыптастыруға тырысамыз, – деп толықтырды орталық басшысы.
Айта кетейік, елордада Қазақстан-Иран бизнес форумы басталды. Шараға 500-ге жуық қатысушы жиналды және олардың жүзден астамы – ирандық кәсіпкерлер.